Ел дамуына үлес қосқан азаматтар Тұңғыш Президент музейінде кездесті
Жарияланған күні:
Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті музейінде мемлекеттің дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан түрлі буын өкілдерінің кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесуге қатысушылар – мәдениет, спорт, ғылым, медицина, бизнес және саясат салаларының көрнекті тұлғалар жиында ел тарихының күрделі кезеңдерін, ұрпақтар сабақтастығын, тәуелсіз халықтың ұлттық санасын қалыптастырудағы іргелі істерді талқылады.
Жиналғандар алдында Нұр-сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен сөз сөйледі. Ол көпшілікті азаттығымыздың айтулы күнімен құттықтап, халық тарихын ұрпақ жадында жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
«Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Бостандық еліміздің және азаматтарымыздың дамуы үшін керемет мүмкіндіктер береді. Егемен мемлекеттің соңғы отыз жылдағы елеулі жетістігі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатымен, сондай-ақ тәуелсіздіктің бастауында тұрған білімді, кәсіби, талантты қазақстандықтардың, яғни отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды», - деді Б.Мәкен.
Іс-шара барысында Азат Абыкен продюсерлік жасаған «Отыз. Халық тағдыры - ел тарихы» атты деректі фильм көрсетілді. Бұл картинада Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі уақытқа дейінгі күрделі кезеңі жүйелі түрде, кино тілімен көркем баяндалған.
«Отыз. Халық тағдыры - ел тарихы» атты киноға байланысты қала әкімінің орынбасары пікірін білдіріп, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Тарихын білмейтін жұртты бұлыңғыр болашақ күтіп тұр» деген сыңайдағы қанатты сөзін жеткізді. Деректі фильм көпшіліктің ойынан шығып, ыстық ықыласына ие болды.
«Тәуелсіздіктің отыз жылы ұлы оқиғалар мен Қазақстан тарихындағы елеулі өзгерістерге толы. Біздің міндетіміз - мұны жас ұрпаққа түсіндіру, еліміздің түрлі салаларында дамуына өз үлесін қосқан азаматтарымызды құрметтеу және оларға қолдау көрсету. Сондықтан бүгінгі фильм аудиторияның назарын аударып, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда, патриотизмді насихаттауда маңызды рөл атқарады деп сенемін», - деп толықтырды Бақтияр Мәкен сөзін.
Жиналғандардың арасында ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстан саясатының халықаралық векторын қалыптастыруға белсенді атсалысқан Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов те болды.
«Бізде ол шақта бос уақыт болмады, біз тек тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту туралы оймен өмір сүрдік, елді тезірек көтеруіміз керек деген асыл мұратымыз болды. Тәуелсіздік бізге еркіндік, халқымыздың бірлігін берді. Азаматтық соғыстар болған жоқ. Халық біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдады. Халық болмаса, ол ештеңе істей алмайтын еді. Халық оған сенді және оны қолдады. Тұңғыш Президенттің құрамында жауынгерлерден, өз елінің патриоттарынан, өз адамдарынан тұратын қуатты команда болды», - деп еске алды мемлекет қайраткері.
Халықаралық додаларда өз елінің қоржынына бірнеше алтын медаль салған Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина да Тәуелсіздіктің маңыздылығы туралы айтты. Оның пайымынша, кеңес одағы жылдарында одақтың спорттық құрамасына кіру өте қиын болатын. Өйткені, оған ең алдымен Мәскеуден және оған жақын қалалардан спортшылар енетін еді. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақстандық спортшылар тек Олимпиада ойындарында ғана емес, басқа да байрақты бәсекелерде өз халқы мен елінің намысын қорғады, мақтанатындай деңгейге көтерді.
Өз кезегінде Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қазақстандықтардың жас ұрпағының ел болашағындағы рөліне назар аударды.
«Менің ойымша, Тәуелсіздік құрдастарының буыны ең бақытты, өйткені олар егемен, азат елде туды, сол мемлекетте өмір сүріп жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы да өз өкілеттігін тапсыра отырып, Тәуелсіз Қазақстанның ең басты жетістігі - жаңа тәуелсіз ұрпақ екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Аға буынның міндеті - тәуелсіз елдің креативті білімді, ақылды, табысты ұрпағы болу үшін барлық жағдайды жасау» деп атап өтті. Жоғары атаққа - Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы деген атқа лайық болыңыздар!», - деді ол.
Шараның соңында аға және жас буын өкілдері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының жарқын оқиғаларына арналған ҚР Тұңғыш Президенті музейіндегі фотокөрмені тамашалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914995-el-damuyna-ules-qosqan-azamattar-tungys-prezident-muzeiinde-kezdesti/