Қазақстанда 1 маусымнан бастап не өзгереді
Жарияланған күні:
Жаздың бірінші айында Қазақстанда бірқатар жаңашылдық күшіне енеді. Атап айтқанда, мектеп бітіру емтихандары мен ұлттық халық санағына дайындық басталады деп жазады Sputnik Қазақстан.
Вакциналау туралы қағаз анықтама
Бүгіннен бастап қазақстандықтар вакциналау туралы қағаз анықтама сұрата алады.
Тиісті қаулыға елдің бас санитар дәрігері қол қойды.
Қағаз анықтаманы коронавирусқа қарсы вакциналауды жүргізетін медициналық ұйымдар береді.
Вакцина салдырған шетелдіктер де қағаз құжатты талап етуге құқылы.
Бұған дейін вакцинаның екі дозасын алған адамдарға тек электронды вакциналау паспорты ғана берілетін.
Әлеуметтік көмек
Енді білім алу кезеңінде әлеуметтік көмек алу үшін құжаттардың көшірмесін ғана емес, түпнұсқасын да ұсыну қажет.
- туу туралы куәлік – көпбалалы отбасылардың балалары үшін;
- қамқорлық, патронаттық тәрбиені бекіту туралы анықтама – жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар;
- мүгедектік туралы анықтама – мүгедектер мен бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға.
Бұрын осы құжаттардың тек көшірмесі ғана сұратылатын.
Ұлттық халық санағына дайындық
1 мен 30 маусым аралығында Қазақстанда ұлттық санаққа дайындық жүргізіледі. Тіркеушілер әрбір елді мекенді аралап, үйлердің тізімін және тұрақты тұратын тұрғындардың санын нақтылайды.
Үй-үйді аралау кезінде интервьюерлер өздерін таныстырып, тегін айтуы және санақ интервьюерінің куәлігін көрсетуі керек. Олар келуінің мақсатын нақты және қысқаша түсіндіріп, сол үй-жайда тұрақты тұратындардың мекен-жайы мен санын сұрайды.
Биыл ұлттық санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді. Оған онлайн режимде де, сондай-ақ дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.
Мектеп бітіру емтихандары
Қазақстанда 1 мен 10 маусым арасында 11-сыныпты тәмамдаған оқушылар емтихан тапсырады.
Тоғызыншы сыныптар үшін қорытынды емтихан 28 мамырда басталды.
Былтыр пандемия енді басталған кезде 9 және 11 сыныптар үшін емтихан алынып тасталды. Түлектердің қорытынды аттестациясы жылдық баға негізінде жүргізілді.
Халықаралық әуе рейстері ашылады
Маусым айында Қазақстаннан бірқатар елге жаңа әуе рейстері ашылады.
Мәселен, 9 маусымнан бастап азаматтар Нұр-Сұлтан – Подгорица, ал 10 маусымнан Алматы – Подгорица бағытында ұша алады. Черногорияға рейстерді Air Astana компаниясы орындауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Алматы мен Самарқан қалаларын байланыстыратын рейс іске қосылады.
Қазақстандықтар Өзбекстанның көне шаһарына 9 маусымнан ұша алады. Рейстер аптасына екі рет – сәрсенбі және жексенбі сайын орындалады.
Бұдан бөлек, 25 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан – Абу-Даби, ал 26 маусымнан Алматы – Абу-Даби бағыттары ашылады.
Сондай-ақ, Air Astana 3 маусымнан Атыраудан Амстердамға рейстер жанданатынын хабарлады. Бұл бағыт осы жылдың басында Нидерланды билігі енгізген шектеулерге байланысты уақытша тоқтатылған еді.
Қазақстандағы шетелдіктер
Қазақстанда мерзімі өткен құжатпен жүрген шетелдіктер 5 маусымға дейін өз мәртебесін заңдастыруға тиіс. Елде болу мерзімін ұзарту үшін көші-қон қызметіне жүгіну қажет.
Егер 5 маусымға дейін құжаттарын реттемесе, айыппұл және елден шығару түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.
Ақылы жолдар
"ҚазАвтоЖол" маусымнан бастап 18 автожол учаскесі ақылы жүйеге көшетінін хабарлады. Жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым ақылы жолдар өнеркәсіптік пайдалануға беріледі.
Жолдарда ақы алудың "ашық" жүйесі енгізіледі, яғни шлагбаумдар мүлде болмайды.
Қандай жолдар ақылы болады:
- Шымкент – Өзбекстан шекарасы;
- Орал – РФ шекарасы (Саратов);
- Орал – РФ шекарасы (Самара);
- РФ шекарасы (Орынбор) - Ақтөбе;
- Щучье - Петропавл;
- Шымкент - Қызылорда;
- Шымкент - Тараз;
- Тараз - Қайнар;
- Қапшағай - Талдықорған;
- Қарабұтақ - Қызылорда;
- Ақтөбе - Орал;
- Атырау - Бейнеу – Өзбекстан шекарасы;
- Ақтау - Бейнеу;
- Қостанай – РФ шекарасы (Троицк);
- Нур-Султан - Костанай;
- Павлодар - граница РФ (Омск);
- Нұр-Сұлтан - Павлодар;
- Павлодар - Семей - Қалбатау.
Қандай көлік жол ақысын төлейтіні автожолдың техникалық категориясына байланысты болады.
Алакөлге апаратын пойыздар
Алакөлде демалғысы келетін қазақстандықтар үшін маусым айында қосымша пойыздар қатынайды.
17 маусымнан №457/458 "Семей-Достық" пойызы күнара жүреді. Семей станциясынан тақ күндері, Достық станциясынан жұп күндері жөнелтіледі.
17 маусымнан №459/460 "Өскемен-1-Достық" пойызы күнара қатынайды. Өскемен-1 станциясынан тақ күндері, Достық станциясынан жұп күндері жүреді.
20 маусымнан №257/258 "Нұр-Сұлтан-1-Достық" пойызы аптасына 2 рет жексенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Нұр-Сұлтаннан - дүйсенбі, ал Достықтан - жұма күндері жүреді.
Сондай-ақ демалыс аймағына аптасына 2 рет қатынайтын №54/53 "Нұр-Сұлтан – Достық" пойызы, жазғы кезеңде құрамында "Нұр-Сұлтан-Достық" тіркемелі вагоны бар №121/122 "Нұр-Сұлтан-Семей" пойызы, №6941/6942 "Ақтоғай-Семей" пойызына Ақтоғай станциясында қайта тіркелетін № 21/22 "Қызылорда-Семей" пойызы құрамындағы "Алматы-Достық" қатынасындағы тікелей вагон бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915403-qazaqstanda-1-mausymnan-bastap-ne-ozgeredi/