RU

Оралда жаңбыр құйып, қала көшелерін су басты (видео)

Орал
Видеодан кадр: Куәгерлер

Оралда үшінші күн қатарынан қолайсыз ауа райы сақталып отыр. 3 маусым күні кешке қатты нөсер жауынның салдарынан электр жарығы сөнген. Тұрғындар бірнеше сағат бойы жарықсыз отырған. Жаңбыр суы қала көшелерін де басып қалған. Жағдайға қатысты қалалық әкімдік пен БҚО ТЖД пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Орал қаласының әкімдігі маусым айындағы жауын-шашын нормасы 33 мм болғанымен, соңғы он екі сағатта бір жарым айда жауатын жауын жауғанын мәлімдеді.

"Төтенше жағдайлар департаменті соңғы 12 сағатта 48 мм жауын-шашын түскенін хабарлады. Қалада барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", - дейді Орал әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай.

Әлеуметтік желіде облыс орталығының көшелерінде түсірілген видеолар да пайда болды.

"Назарбаев даңғылында үлкен шалшықтар бар. Арық жүйесі қайда? Аздаған жел үшін жарықты сөндіреді. Тура орта ғасырда өмір сүретін сияқтымыз", - дейді тұрғын Алма Садырова.

Айта кетейік, БҚО орталығы бірнеше сағат бойы жарықсыз қалған еді.

"Таңертеңнен бері жарық жоқ еді, бүгін су жоқ. Осыған байланысты бала-бақшалар да жұмыс істемейді", - дейді желідегілер.

Осы ретте өңірлік төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлерді су басуына байланысты тәулік бойы жұмыс істеліп жатқанын хабарлады. Өтінім 8 (7112) 55-40-88 телефоны бойынша қабылданады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Батыс Қазақстанда найзағай түсіп, гараж бен автокөлік өртеніп кеткенін жазған едік.

Оқиға 3 маусым күні сағат 04.30-да Ақжайық ауданы Мерген ауылында болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916045-oralda-zanbyr-quiyp-qala-koselerin-su-basty-video/