RU

Қостанай облысында полицейлер жас бала тізгіндеген көлікке оқ атты (видео)

Видеодан кадр
Видеодан кадр: instagram.com/kris_p_kz

Әлеуметтік желіде Қостанай облысында түсірілген видео пайда болды. Кадрларда полицейлердің рөлінде бала отырған Mitsubishi Pajero көлігінің соңынан қуғаны көрсетілген. Роликке қатысты өңірдегі полиция департаменті пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Видео жол талғамайтын көліктің ішінен түсірілген. Кадрларда ер баланың жанында ересек адамның нұсқау беріп отырғаны көрінеді. Тәртіп сақшылары автокөлікті тоқтатпақ болады.

Алайда салонда отырған адамдар құқық қорғаушылардың заңды талабына бағынбай, бой тасаламақ болған. Нұсқау беруші балаға қалай қашып кетуге болатынын айтады. Көлік ішіндегі жолаушылар күліп, тәртіп сақшыларын келемеждеген.

Бір мезетте видеода атылған оқтың даусы естіліп, қолына қаруға ұқсас зат ұстаған полицей көрсетіледі.

"Атпа, рөлде бала отыр!", - деп айқайлды ер адамдардың бірі. Содан кейін ол кәмелетке толмаған балаға "Газды бас!" деп нұсқаулық береді.

Салонда отырғандардың тағы бірі аударылып қалмай тұрғанда тоқтау керектігін айтқан.

Осы ретте Қостанай облысы полиция департаменті аталған деректі растады. Ведомствоның хабарлауынша, оқиға 31 мамыр күні Арқалықта болған.

Полиция қызметкерлері "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық іс-шараларын жүргізу барысында Mitsubishi Pajero көлігін тоқтатқан.

Жүргізуші заңды талапты орындаудың орнына қаша бастаған. Полицейлерден қашқан ол апатты жағдай жасап, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қауіпке тіккен.

"Дауыс зорайтқыш құрылғының көмегімен қызметкерлер көлік құралын тоқтату туралы бірнеше рет бұйрық берді, жүргізушіге бағынбаған жағдайда қызметтік қару қолданылатындығы ескертілді.
Ықтимал зардаптарды бағалағаннан кейін полиция "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның" 61-бабы, 5-тармағына сәйкес көлікті мәжбүрлі түрде тоқтату үшін қызметтік қаруды қолданып, артқы дөңгелекті зақымдады. Автокөлік осыдан кейін ғана тоқтады", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция департаментінің мәліметінше, көлікті 2007 жылы туған бала басқарған. Алдыңғы жолаушылар орындығында мас күйде 35 жастағы әкесі отырған.

Ер адамға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 621-бабы, 5-тармағы (Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ тұлғаға көлік құралын басқаруды беру) және 613-баптың 1-тармағы (Көлік құралын тоқтату туралы заңды талапты орындамау) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылған.

Дәл сол күні аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, нәтижесінде полиция қызметкерінің қызметтік қаруды қолдануының заңдылығы мен орындылығы туралы қалалық прокуратурамен келісілген шешім қабылданды.

Одан бөлек, 14 жастағы жасөспірімнің ата-анасына қатысты материалдар тиісті шешімдер қабылдау үшін Арқалық әкімдігі кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссияға жіберілді.

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916088-qostanai-oblysynda-policeiler-zas-bala-tizgindegen-kolikke-oq-atty-video/