RU

Қостанай облысында қасқырлар адамдарға шабуыл жасады

Убитый волк
Фото: 24.kz

Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ұзынағаш ауылының бірнеше тұрғынына қасқырлар шабуыл жасады деп хабарлайды Хабар 24.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, түз тағылары қонысқа алдыңғы күні кешке кірген.

Шабуылдан бірінші болып 19 жастағы жігіт зардап шекті.

Ол итқұстан сытылып шығып, үйін паналап үлгерген. Осыдан кейін қасқыр ферма ғимаратында сиыр сауып отырған әйелге тап берген. Жыртқыштың жергілікті тұрғынның қолы мен аяғын тістегені белгілі болды.

Келіншектің жанұшыра айқайлаған дауысын естіген ауылдастары оқиға орнына тез арада жетіп, жабайы аңды атып алған.

Куәгерлер ауылға бірнеше қасқыр кіргенін айтып отыр.

Қаракөк ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Дүйсеновтің сөзінше, жыртқыш облыс орталығына жеткізілген.

Алдағы уақытта Қостанай қаласында қажетті зерттеулер жүргізілмек. Оның ішінде қасқырлардың құтыру ауруына шалдыққан-шалдықпағаны анықталады.

"Көрші ауылдың тұрғындары да қасқырларды көргендерін айтады. Итқұстың топ болып жүргені немесе жалғыз жүргені әзірге белгісіз. Қасқырдың шабуылынан зардап шеккен 50 жастағы әйел мен студент облыстық ауруханаға жеткізілді. Қажетті медициналық көмек көрсетілді , вакцинация жасалды. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, олар үй бақылауында", - деді ауылдық округ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916430-qostanai-oblysynda-qasqyrlar-adamdarga-sabuyl-zasady/