Түркістан облысының таулы аймағында жоғалған туристердің заттары өзеннен табылды (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін сағат 13:10-да Түркістан облысы Төле би ауданының Айғыржыққан және Өгем өзендерінің қосылған тұсынан 500 метр қашықтықта жоғалған туристердің заттары (жемпір, аяқ қиім, ұйықтауға арналған қап) табылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ құтқарушылары оларды полиция қызметкерлеріне табыстады. Туристердің бірінің анасы табылған заттардың арасынан өз баласының киімін таныды.
Қазіргі уақытта жоғалған екі туристі іздеу жұмыстары жалғасуда. Аймақта "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағымен аэровизуалды барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Іздестіру жұмыстары 15 тәулік бойы жалғасуда. Оған Түркістан облысы ТЖ, полиция департаменттерінен, ҰҚК Шекара қызметінен, Орман шаруашылығынан, Өзбекстан Республикасы ТЖМ жеке құрамынан 137 қызметкер, 17 бірлік техника, 1 тікұшақ және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тоғыз бағытта ұйымдастырылып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жоғалған үш турист құтқарылып, екеуінің денесі табылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916704-turkistan-oblysynyn-tauly-aimagynda-zogalgan-turisterdin-zaty-ozennen-tabyldy-video/