"20 мың қайда": ШҚО-да бойжеткен банкомат алдындағы зейнеткерді алдап кетті
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысында 17 жастағы бойжеткен зейнеткердің 20 мың теңгесін қолды қылған деп хабарлайды Altaynews.kz.
Екінші маусымда Шемонаиха ауданының 69 жастағы тұрғыны зейнетақысын алу үшін банкоматқа келген. Сөмкесін ақтарған зейнеткер көзілдірігін үйде қалдырып кеткенін түсінеді. Кейін банкоматтың жанында тұрған бейтаныс бойжеткеннен көмек сұраған.
Артық ойы жоқ кейуана өз қартасының пин-кодын бейтаныс қызға айтып, 40 мың теңге шешіп беруін өтінген. Алайда 40 мыңның орнына 20 мың теңгесін ғана қолына ұстатқан.
"Қалған 20 мың теңге қайда?" деген сұраққа "білмеймін, мүмкін банкоматта қаражат таусылып қалған болар" деп жауап беріпті. Осылайша жетпей тұрған соманы бойжеткен қалтасына басқаны анықталып отыр.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық іс-әрекеттер жасады деген күдікпен Шемонаиха қаласының 17 жастағы тұрғыны әшкереленді, ол тергеу барысында кінәсін мойындады", - деді ШҚО Полиция департаментінің басшысы Сағат Мадиев.
Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкент қаласында ірі көлемде несие шығарып беремін деп жергілікті тұрғынның 100 миллион теңге тұратын үйін сатып, алдап кеткен алаяқ қолға түскенін жазған едік. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917653-20-myn-qaida-sqo-da-boizetken-bankomat-aldyndagy-zeinetkerdi-aldap-ketti/