RU

Екібастұзда балконнан ақ жаймамен түспек болған ер адам көз жұмды

Пәтер25
Көрнекі фото: pixabay.com

Екібастұзда 14 маусым күні қайғылы жағдай орын алды. Ер адам ішімдік ішіп, 3 қабаттың балконынан төсек жаймасы арқылы түспек болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Павлодар облсы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға Энергетиктер көшесінде болған. 46 жастағы ер адам өзіне төсек жаймасынан альпинистік құрал жасап алып, балконнан көшеге қарай түсе бастаған. Екібастұздық азамат бұл әрекетке бармас бұрын ішімдік ішкен. Сол себепті оны 3 қабатты биіктік қорқытпаған.

"Үшінші қабаттан жаймамен түсіп келе жатқан ер адам үзіліп кетіп, жерге құлады. Содан кейін түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бірнеше сағаттан кейін зардап шегуші алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмған.

Аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Полицияның түсіндіруінше, ер адамның көшеге неліктен балкон арқылы шықпақ болғаны белгісіз.

Еске сала кетсек, бұған дейін түнгі барға барып, жансақтау бөліміне түскен 24 жастағы павлодарлық жігіт ауруханада қайтыс болғанын жазған едік. Ол 18 күн ес-түссіз жатып, оңала алмаған.

"Ұлымды алған жарақатынан қайтыс болды және пневмонияда әсер етті деп естіртті. Мен бұл нұсқаға сенбеймін. Ауруханада жатқан кісі қалай коронавирус жұқтырады. Ол жансақтау бөлімінде жатты. Карантин деп ешбір туысын ішке кіргізбеді. Тек дәрігерлер ғана кіріп жүрді. Демек, олар ауру жұқтырған балама. Өйткені, дәрігерлер оның беті бері қарап келе жатыр деп айтқан еді", - дейді марқұм Әлішер Советханның әкесі Марат Жұмаділов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917730-ekibastuzda-balkonnan-aq-zaimamen-tuspek-bolgan-er-adam-koz-zumdy/