Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Отыздағы қыз кәрі қыз емес": Кореяда оқитын шымкенттік келіншек таң қаларлық деректерді бөлісті

Опубликовано:

Ақниет Сембек
Ақниет Сембек: "Замана" басылымы

Шымкент қаласының тұрғыны Ақниет Сембек Оңтүстік Кореядағы Тэджон университетінде білім алып жатыр. Бүгінде бала күтімімен үйде отырған ол «Замана» басылымына сұхбат берген ол аталған елдегі басты ерекшеліктерге тоқталып өтті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Бұл жақта білімге қойылатын талап өте күшті. Студенттерінде оқымай, уақытты босқа өткізіп жүре беру деген жоқ. Ал білім алуға жағдайдың бәрі де жасалған. Мұғалімдері ең жоғары айлық жалақы алады, сондықтан да олар сапалы білім беруге барынша күш салады. Университет ғимараттары, кітапханалар тәулік бойы жұмыс істеп тұрады. Студенттер кейде кітапханада қона жатып та оқи береді. Интернет жылдамдығы жоғары. Кітапханалардан іздегеннің бәрін табуға болады.

Бұл елде білімге ұмтылыстың аса жоғары болуының өзіндік себебі – қомақты жалақы төленетін жұмыс орындарына орналасу сол білім деңгейіне байланысты. Ондай компаниялар мықты, заманауи білімді, білікті мамандарды таңдап алады. Бір орынға 700-900 адам таласады. Бұған халқының көптігінің де өзіндік әсері бар. Оңтүстік Кореяның жері тым үлкен емес, табиғи ресурстары да көп емес. Бұл ел жоғары технологияларды игеріп, соның арқасында дамып отыр», – дейді ол.

Ақниет бүгінде кішкентай сәбиінің күтімімен үйде отыр. Күйеуі Ерғали Бердібаев Корея республикасындағы жетекші оқу орындарының бірі – «KAIST» жоғары технологиялар институтының докторантурасында оқиды. Жастар елге жоғары білім алып оралмақ ниетте.

«Жергілікті халықтың бір қызық мінезі, сәби көрсе болды, оған сүйсіне үңіліп: «Әдемісін-ай, сұп-сұлу!» – деп қызыға қарайды. Біздегідей «тіл-көзім тасқа, тіпәй-тіпәй» деп «сақтандыру» жасау ойларында болмайды, сәби көзіне шалынса бітті, оған үйіріле қалады. Қазір біз бұған үйреніп қалдық. Қоларбамен таза ауада серуендеп, бақ ішінде жүргенде үлкен кісілер жанымызға жиі келеді.

Мұның басты себебі - Кореяда бала туу көрсеткішінің төмендігі. Отбасында бір-екі баладан артық болмайды. Өйткені баланы тууға, асырауға, білім беруге, баспанамен қамтамасыз етуге олар көп қаржы жұмсауға мәжбүр. Ал жастардың көбі жоғары білім алып, жақсы жұмысқа тұрып, мансабын өсіріп, содан кейін барып үйленуге тырысады. 20 жастағы қыздар мұнда әлі де бала саналады, 30 жастағыларға біздегідей «кәрі қыз» деп қарамайды.

Бізге сабақ өткенде мұғалімдеріміз елде бала туу көрсеткішінің өте төмен екенін жиі айтады. Пайызға шаққанда мемлекет бойынша бір отбасыға 0,9 пайыздан келеді дегенін естігенбіз. Сондықтан келешекте ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін деп уайымдайтындар бар.

Бұл жақта көп нәрсе қымбат. Тіпті перзентхана қызметінің өзіне біраз қаржы шығындау керек болады. Ал баланы аман-есен босанып алған соң ризашылықпен біреуге ақша берсеңіз, ол пара саналады. Сондықтан перзентхана қызметкерлері ондай сыйлықтан басын ала қашады.

Оңтүстік Кореяда баспанаға қол жеткізу де қиын. Халқының көбі пәтер жалдап тұрады, тіпті өмір бойы пәтер жалдап өтетіндері де бар. Сондықтан да адамдар бірінші кезекте алдымен өз жағдайын жасап алуға тырысады. Жастары отбасын кеш құратындықтан көшелерінен жүкті әйелдер, емізулі бала көтеріп жүргендер сирек ұшырасады, жұрттың ондайды көрсе қызыға қарайтыны сондықтан.

Адамдары бейнеткеш, еңбекқор. Олар демалыс алмай да жұмыс істей береді. Тіпті еңбек демалысының өзі екі-ақ аптаны құрайды екен. Онда да оны бірден емес, екі-үш бөліп алды. Көп жерлерде жұрт жұмыста кешкі сағат 9-10-дарға дейін жүріп қалады, қашан басшылары қайтып кеткенше қайтпайды», – дейді Ақниет.

Ақниет Сембектің бұл елге барғанына көп уақыт бола қоймапты. Дегенмен зейінді жас ол елдің бірқатар ерекшеліктерін де аңғарып үлгерген. Мысалы, Корея республикасының халқы біреудің пара алып, жемқорлық жасағанын естісе, бәрі бірдей өре түрегеледі, шерулер өткізеді екен. Сол үшін қандай лауазымды тұлға болмасын ұрлық жасауға пейілі кетсе, алдымен мұным қалай болады, сорым қайнап қалмай ма деп ұзақ ойланып алуына тура келеді.

«Бұл елде мұғалімге сыйлық жасаудың өзі қауіпті. Егер аса риза болып, сыйлық жасағың келсе, онда оған құны 4 доллардан аспайтын бір кофе әперуіңе болады. Одан артығы пара болып саналады.

Корея республикасында заң салтанат құрады, сондықтан қылмыс аз. Көшеде терезесі ашық тұрған көліктің өзіне түннің кезінде де ешкім қол сұғып, сұғанақтық жасамайды екен. Сондықтан да тәулік бойы жұмыс істеп тұратын дүкенге түнделетіп барып жүрген балаларды жиі көруге болады. Ата-аналары оларды бір қатерге ұрынып қалады, біреу ұрлап кетеді деп уайымдай бермейді.

Өйткені көшелерінің бәрі жарықтандырылған, камералар қойылған. Өріп жүрген полицейлер көрінбегенмен де олардың қызмет сапасы осылай көрініп тұрады. Ұрлық-қарлық жоқ, қылмыс сирек.

Оңтүстік Корея халқында «мен» деген жеке бас мүддесінен гөрі «біз» деген ұжымдық жауапкершілік басымырақ қалыптасқан сияқты. Олар, мысалы,

Бұл елде қазір жұмыс істеп жүрген қазақтардың көп екені белгілі. Естуімізше, 35 мыңдай қандастарымыз сонда еңбек етіп, табыс табуда. Олардың көбі заңсыз еңбек мигранттары болып саналады. Сондықтан полицияның қолына түсіп қалса, қиын. Бірақ соған қарамастан тәуекел етіп барып, мол табыс тауып оралып жатқандар туралы естиміз. Олар негізінен қара жұмысқа, ауыл шаруашылығы жұмыстарына жалданады", - дейді Ақниет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917880-otyzdagy-qyz-kari-qyz-emes-koreyada-oqityn-symkenttik-kelinsek-tan-qalarlyq-derekterdi-bolisti/

pixel