Қызылордада тұңғыш рет серіктес мектеп директорлары саммит өткізді
Жарияланған күні:
Бүгін тұңғыш рет Қызылордада ерекше форматта мектеп директорларының саммиті өткізілді. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева және 50-ден аса мектеп директорлары жиналды.
"re-Start: Жаңа әлемдегі жаңа мен" атауында өткен директорлар саммитінде білім беру ұйымының басшылары өзекті тақырыптарға негізделген мәселелерді пікір алмасу форматында талқылады. Айталық, шарада білім орнының басшылары "Директордың 10 қателігі", "Директордың өзіндік дамуындағы жылдық жоспар модулі", "Көшбасшыдағы эмоциональды интеллект", "Педагогпен диалог" тақырыбында қызу пікірталас ұйымдастырды.
Республикада алғаш болып Қызылордада құрылған "Серіктес директорлар" лигасы бір жыл ішінде түрлі бағыттарда жобалар жасаған. Бүгінде мектептерге 20-дан аса тақырыптық бағыттар беріліп, әр білім ұясы жаңа жобаларды енгізуде. Мектепке енген тәжірибелер әрі қарай магниттік тәсілмен өзге мектептерге таратылатын болады. Бүгіннің өзінде №3 ІТ лицей - "бағдарламалау мектебі" атанып, білім ұясында «Diqital school studio» студиясы мен ІТ журналистика үйірмесі жұмысын бастаған. Қаладағы №101 мектеп - экологиялық жобаларға негізделген "Жасыл мектеп" статусын алды. Ал, №261 мектеп "Өзін-өзі басқару" жүйесін дамытатын тірек мектеп қатарына енді. Мұнан бөлек, №176 мектеп "Оқуға құштар", №140 мектеп "Ғылыми жобаларға бағытталған" мектеп ретінде жұмыс жүргізуде.
Келесі оқу жылында №278 мектеп оқушылар үшін бизнес тәсілдерін үйрететін "Кәсіпкерлік мектебі" атанбақ.
Серіктес директорлар лигасын құрудағы мақсат - директорлар арасында бәсекені қалыптастыру, басшылардың коммуникалдық және менеджмендтік қасиеттерін дамыту және жаңа жобалармен жұмыс жүргізіне мүмкіндік беру.
Жыл ішінде "Серіктес директорлар" лигасы TEDx алаңында кездесіп, жаңа кейстер бойынша білімдерін жетілдірді. Директорлар «Стратегиялық брэнд менеджмент», «Мектептегі венчурді дамыту», «Мұғалім арасындағы матрицалар мен анықтауыштар", «Мектептегі HR менеджмент» енгізудің жаңа әдістерін үйренді.
Айта кетейік, бір жылға жуық уақыт ішінде "Серіктес директорлар" лигасы әдістемелік марафон, “Алтын белгі” үміткерлеріне арналған форум, оқушылар арасындағы дебат, "ПедEXPO-2021, таза табиғат аясындағы «Мектептегі бенчмаркинг» шараларын өткізген. Сондай-ақ, лигалықтар үздік 30 кітапқа 30 бейнеролик түсірген.
Алдағы уақытта лигалықтардың құрамы жаңа директорлармен толығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918472-qyzylordada-tungys-ret-seriktes-mektep-direktorlary-sammit-otkizdi/