Павлодарлық келіншек қазақстандықтардың 85 млн теңгесін қолды қылған
Жарияланған күні:
Бірнеше қазақстандықты алдап, құрығына түсірген 28 жастағы павлодарлық тұрғын сот алдына келді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Павлодар қаласының №2 сотының үкіміне сілтеме жасап.
28 жастағы арудың арбауына түскендердің қатарында Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының тұрғындары, сонымен қатар, бірнеше ұйым бар.
Өзін валюта сатушысы ретінде таныстырған сотталушы ең алдымен таныстарына валюта айырбастауға ақша салуды ұсынған. Адамдар оның сөзіне сеніп, қаражаттарын салған. Ол арбауына түсіру үшін отбасына көмек керектігі туралы өтірік айтудан да тартынбаған.
"Танысымен телефон арқылы сөйлесу барысында одан інісіне операция жасату үшін 3 190 000 теңге көлемінде ақша керек екенін айтып, қаржы сұраған, танысын осылайша арбауына түсірген", – делінген Павлодар қаласының №2 сотының үкімінде.
Сотталушы өзін валюта сатушысы ретінде көрсетуден басқа, көлік сатып алғанда адамдарды алдау схемасын жасаған.
Ол интернет арқылы қымбат шетелдік көліктерді таңдап, оларды өз көзімен көріп, кейін бөліп төлеу бойынша несиге рәсімдеуді сұраған. Бұл ретте ол көліктерді өз атына рәсімдемеген.
Көліктердің құны 4-тен 9 миллион теңгеге дейін барған. Барлық манипуляциялардан кейін сотталушы көлікті алып кетіп, кейін сатып жіберген.
Сондай-ақ, танысының атынан көлік рәсімдеп, кейін шетелдік автокөлікті өз қалауы бойынша пайдаланған.
Іс материалында қала тұрғыны 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін өзінің құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырғаны айтылады. Ол жалпы сомасы 85 миллион теңгені қолды еткен. Ал зардап шеккендерге тек 2,5 миллион теңгені ғана қайтарған.
Сот үкімімен азаматша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бостандықта жалғыз өзі тәрбиелеген кішкентай баласы қалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919772-pavlodarlyq-boizetken-qazaqstandyqtardy-85-million-tengege-aldap-ketti/