Гинеколог жүкті екенін білмей, вакцина алып қойған әйелдерге не болатынын айтты
Жарияланған күні:
Алматыдағы Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының гинеколог дәрігері әйелдерге вакцинаны жүкті екенін білмей алып қойған жағдайда не болатынын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының гинекологы Индира Қыстаубаева өзінің жүкті екенін білмей, коронавирусқа қарсы екпе алып қойған әйелдерге оның әсері туралы ойын бөлісті. Дәрігердің айтуынша, вакцинаның жатырдағы ұрыққа әсері туралы нақты зерттеу қорытындылары әлі шықпаған.
"Бұл сұрақ бойынша қазіргі таңда әйелдерге арналған нақты ұсыныстар жоқ. Вакцина алу туралы жүктілікті жоспарлап жүрген кезде ойланған дұрыс.
Ал әзірге дәрігерлер жүкті әйелдерге коронавирусқа қарсы екпе алуға кеңес бермейді. Өйткені вакцинаның ұрықтың эмбриондық дамуын бұзатын қаупі бар. Вакцинаның қандай да бір компоненті тератогендік әсерге ие болса, ұрықтың эмбриондық дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Аяғы ауыр әйелдердің арасында вакцинаның тиімділігін бағалау үшін мәлімет өте аз, жеткіліксіз. Вакцинаның ұрыққа әсері туралы біржақты дәлелді нәтижелер жоқ", - дейді Индира Қыстаубаева.
Адам өрбіту орталығының гинеколог дәрігері коронавирустың жүкті әйелдерде қалай өтетініне және одан болуы мүмкін қауіпке тоқталды.
"Жүктілік коронавирустың ауыр өту қаупін жоғарылатады, тіпті өліммен аяқталатын жағдайлар аз емес. Ал кімде-кім жүктілікті жоспарлап жүрсе, COVID-19-ды жұқтырудан сақтануы міндетті. Өйткені болашақ аналарда инфекция ауыр өтуі мүмкін. Коронавирус репродукциялық жүйеге де әсер етеді, сондықтан егер бала туғыңыз келсе, вакцина алуға ертерек қамданғаныңыз жөн. Екпеден кейін белгілі бір уақыт өту керек, жүктілікті тек үш айдан соң жоспарлау керек деген ұстаным бар.
Болашақта сынақ өткізілгеннен кейін жүктілік екпеге қарсы көрсетілім қатарынан алынып тасталуы мүмкін", - дейді гинеколог маман.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920413-ginekolog-aielderge-vakcinany-ozinin-zukti-ekenin-bilmei-alyp-qoiganda-ne-bolatynyn-aitty/