RU

"Әкем көз алдымда жан тапсырды": Екі құлағы естімей қалған қызылордалық келіншек өмір үшін күресіп жатыр

Айман Махамбетова
Айман Махамбетова: Instagram

Қызылордалық Айман Махамбетовның тағдырын көпшілік оқырман жақсы біледі. 2015 жылы күйеуімен бірге жол апатына түскен Айманның екі құлағы да естімей қалған. Талай жыл бойы құлағын емдеу үшін бар амалын жасаған келіншектің денсаулығы күн санап құлдырап барады. Бүгінде Айман сөйлеуден қалды, одан бөлек, көзінің көруі де нашарлап кетті. Ал құлағы естімей, алты жыл бойы азап кешкен Айман үшін әкесінің көз алдында тіл тартпай кеткені ауыр соққы болды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Туғалы бері Қызылорда қаласында тұрып келем. 2014 жылы тұрмыс құрып, 2015 жылы жолдасым Маратпен еңбек демалысында бой сергіту үшін Алматыға бет алғанбыз. Өмірімді 180 градусқа өзгерткен сол апат 29 тамыз күні болды. Мен апаттан соң есту қабілетімнен толық айырылдым. Негізі, құлағым сау, тек дауыс беруге жауапты нерв талшықтары ауыр зақымданған. Дәрігерлер 4-ші деңгейлі нейросенсорлы кереңдік диагнозын қойды. Осы қорқынышты диагнозбен күрескеніме де алты жыл болыпты», - дейді Айман.

Апаттан Айманның екі құлағы да естімей қалды. Бүгінде дерт үстіне дерт жармасып, оның көзінің көруі нашарлап, сөйлеуі төмендей бастады.

«Менің арманым – ұлымның «мама» деген даусын есту. Оны балабақшаға өзім жетелеп апарғым келеді. Ұлым ауырса анам қарайды. Өзімнің қолымнан келер қайран жоқ. Бірақ бұл арманның бәрі күн санап алыстап барады. Төсек тартып, жатып қалатын кездерім көп. Анам мен күйеуім және інілерім барынша көмектесуде. Олар менің еміме деп алған кредиттерін енді жауып біткен. Менің жағдайымды көріп тағы да несиеге батып жатыр. Менің өмір сүргім келеді, ұлымның өскенін көргім келеді», - дейді ол.

Былтыр Алматыға Айманды емге алып келген әкесі қызының дертіне құса болып, тура көз алдында мәңгілікке аттанды. Бұл Айманның онсыз да нашар денсаулығын одан әрі зақымдап, бір жыл бойы депрессиядан шыға алмаған.

«Әкем мені қалайда сөйлетем, қалайда құлағын емдетем деп еңбектенді. Тыным тапқан жоқ. Барынша қаражат тауып берді. Мен үшін шырылдап жүгірген әкемнің кезекті дәрігер қабылдауынан соң жүрегі шыдамады. Көз алдымда құлап, мәңгілікке кете барды. Бұл соққыдан әлі де ес жия алмай келем. Әкем мен үшін бәрін де жасап, мені қатарға қосам деп жанталасып еді... Алланың ісіне шара жоқ. Бір жылдан бері құса болған мен отбасым үшін, ұлым үшін күресті жалғастырғым келеді. Бірақ қаржының жоқтығы қол байлап тұр. Ташкент дәрігерлері шақыртып жатыр, соған қаражатым жетпей тұр», - дейді ол.

Айман Махамбетоваға қол ұшын беремін деушілер үшін реквизит төмендегідей:

Kaspi Gold: 8 707 207 07 26, Айман Махамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920561-akem-koz-aldymda-zan-tapsyrdy-eki-qulagy-estimei-qalgan-qyzylordalyq-kelinsek-omir-usin-kuresip-zatyr/