Нұр-Сұлтандағы Алматы ауданының әкімі қызметінен кеткенін мәлімдеді
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы ауданын басқарған Бектенбай Есполов өз қызметінен кетті. Бұл туралы ол өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Құрметті достар!Сіздерге өмірімде болғалы тұрған үлкен өзгеріс туралы хабарлағым келеді. Бүгін «Алматы» ауданының әкімі қызметіндегі соңғы жұмыс күнім. Осы күні баршаңызға шын жүректен ризашылығымды білдіремін!
Қала әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновке көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін үлкен құрмет пен шексіз алғысымды білдіремін. Сіздің кәсіби кеңестеріңіз бен менің мүмкіндіктеріме сеніп, оны арттыруға ықпал еткеніңіз үшін рахмет.
Біздің командамыз, яғни «Алматы» ауданы әкімдігінің ұжымына шын жүректен алғыс айтамын. Татулығы жарасқан ұжымымызбен бірге өткізген уақытымды қуанышпен және ерекше жылылықпен еске алатын боламын! Ауданымызды жақсартуға, әрі оны жайлы етуге жұмсаған күш-жігерлеріңіз бен қосқан үлестеріңіздің орны бөлек.
Ауданымызды одан әрі жақсартып, оң өзгерістерге жігерін жұмылдырып, «Алматы» ауданының тұрғындарының қатарына қосылғандарға, ауданның өміріне «бейжай» қарамайтын азаматтарға үлкен рахмет айтамын.
Мен Сіздерге және «Алматы» ауданы әкімдігінің ұжымына кері байланысты нығайту, ауданды абаттандыру, тәртіпті қалпына келтіру, бірегей жобаларды жасап және оларды іске асыру бағытында бірлесе атқарған жұмыс үшін, сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін рахмет айтамын, соның нәтижесінде ауданымызда оң өзгерістер орын алды, тұрғындардың көңіл-күйі көтеріліп, жақсы жаққа деген өзгеріс пен нәтижелі жұмыстың мүмкін екеніне деген сенімі арта түсті.
Сындарлы сындарыңыз, жылы сөздеріңіз бен тілектеріңіз үшін әрқайсыңызға алғысым шексіз! Өз кезегімде әрқайсыңызға өз қабілеттеріңізге сене біліңіздер дегім келеді: ұнайтын кәсіппен айналысып, қалаған маман иесі болып, қаламыз бен мемлекетімізге пайда тигізіңіздер, бала оқытып, лайықты ұрпақ тәрбиелеп, тарихымызды құрметтей біліңіздер, осымен шектелмей, жаңа, яғни өз тарихыңыздың болғанына тілектеспін", - деп жазды ол өз парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921773-nur-sultandagy-almaty-audanynyn-akimi-qyzmetinen-ketkenin-malimdedi/