RU

Құтқарушылар Маңғыстау облысында суға батқан балықшының денесін іздеуде

Су
Көрнекі сурет: pixabay.com

Маңғыстау облысының құтқарушылары балық аулау кезінде суға батқан ер адамның денесін іздеуде.

Қайғылы жағдай "Шора" су каналында болды деп жазады "Лада" басылымы. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, іздеу жұмыстары 18 шілде кешкі уақыттан бастап жүргізілуде.

"21:20-дан бастап балық аулау кезінде суға батып, қайтыс болған 1994 жылғы жігіт іздестірілуде", - дейді құтқарушылар.

Іздеу жұмыстарына 4 адам жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, іздеу жұмыстары 19 шілдеде жалғасады. Құзырлы мекеме мұндай қайғылы оқиға 2021 жылдың басынан бастап Каспий теңізінде осымен тоғызыншы рет орын алып отырғанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында жасөспірім мен кішкентай қыз суға батып кеткенін жазған едік.

Бірінші жағдай Іле ауданындағы Қозөзен ауылының маңында болды. 14 жастағы жасөспірім қайтыс болды.

Екінші жағдай Қапшағайда орын алды. Үлкендердің қарауынсыз қалған бес жасар қыз суға батып кетті.

Одан бөлек, Батыс Қазақстанда сегіз жасар бала суға батқанын жазған болатынбыз.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 3 шілде күні Ақжайық ауданы Алғабас ауылы шетіндегі Көшім каналында болған. Сағат 20.00-де сегіз жасар бала шомылуға жабдықталмаған жерде батып кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922950-qutqarusylar-mangystau-oblysynda-suga-batqan-balyqsynyn-denesin-izdeude/