"Спутник-V" вакцинасының құрамында Германияда өндірілген үш у бары рас па
Жарияланған күні:
Танымал қазақстандық Telegram каналдардың бірінде тараған бейнеролик авторы "Спутник-V" вакцинасының құрамында кем дегенде "Германияда шығарылған үш у" бар деп мәлімдеді. Бұған дәлел ретінде ол препараттың құрамына кіретін заттар ұсынылған ақпараттың скриншоттарын көрсетеді. Алайда Stopfake.kz порталы бұл мәліметтің жалған екенін хабарлады.
Басылымның жазуынша, "Спутник-V" препаратының құрамында да, COVID-19-ға қарсы басқа вакциналарда да у мен улы заттар жоқ.
Ролик авторы айтып отырған ТРИС (гидроксилметил) аминометан ингредиенті – буферлік ерітінді. Ол фармакологияда, химия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады және ғылыми зертханалық зерттеулерде пайдаланылады. Оны әр түрлі елдерде көптеген компаниялар шығарады. Ерітіндінің сипаттамалары оның мақсаты мен өндірушісіне байланысты өзгеше болуы мүмкін.
Ролик авторы дәлел ретінде "ЛАЛ-Центр" ҒӨҰ" ЖШҚ сайтынан алынған заттың сипаттамасын келтіреді. Бұл компания жеткізетін дәрі-дәрмекті адамдар мен жануарларға қолдануға тыйым салынған.
Бірақ өнімдері адамдарға қолдануға рұқсат етілген басқа да өндірушілер көп. Мысалы, Mellipore компаниясы ұсынған буферлік ерітінділер сипаттамада айтылғандай улы емес.
WEGO компаниясы ұсынған ерітінді де фармакологиялық салада қолдануға жарамды.
Айта кетейік, вакцина құрамында препаратты жасау кезінде қай компания өндірген буферлік ерітінді қолданылғаны көрсетілмеген. Сондықтан ингредиент Германияда өндірілген деп айту дұрыс емес.
Оның үстіне, ерітінді денсаулық үшін қауіпсіз. Оның «Спутник-V» вакцинасының құрамындағы мөлшері 1,21 мг.
Егер доза 1 кг салмаққа 5 г-нан асса ғана ол зиян келтіруі мүмкін (әйелдер үшін бұл шамамен 1,5 стакан, ерлер үшін 2 стакан құрғақ зат).
Роликте айтылған келесі компонент – магний хлориді гексагидрат. Автордың айтуынша, бұл зат құрылыс және ауыл өнеркәсібінде, көктайғақпен күресу үшін және салқындатқыш ретінде қолданылады. Оның сөзінше, ол фармакологияда қолданылмайды. Бұл олай емес.
Магний хлориді гексагидрат AstraZeneca және COVISHIELD шығарған вакциналарда болады. Сондай-ақ, ол кейбір тұмауға қарсы вакциналар мен ағзада магний деңгейін жоғарылататын дәрі-дәрмекте кездеседі.
Магний хлориді гексагидраты ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының сайтында орналасқан AstraZeneca шығарған вакцина туралы ақпараттық парақшада көрсетілген. Құжатта препараттың қауіптілігі немесе оның уыттылығы туралы ешқандай белгі жоқ.
Одан әрі бейне авторы этилендиаминтетрацет қышқылының динатрий тұзын (ЭДТА) "у" деп санайды. Шын мәнінде, бұл улы зат емес. Вакциналарда және басқа дәрі-дәрмекте ол шырышты қабаттар арқылы дәрінің өткізгіштігін арттыру үшін қолданылады. ЭДТА-уытты емес. Демек, аталған заттардың ешқайсысы у емес. Ролик авторы манипуляциялық қорытынды шығарып, толық емес ақпарат ұсынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924475-sputnik-v-vakcinasynyn-quramynda-germaniyada-ondirilgen-us-u-bary-ras-pa/