Маңғыстау облысында құрылысқа ең қажетті арматура өндіріле бастады
Жарияланған күні:
Құрылысқа ең қажетті өнімдердің бірі - арматура. Бұған дейін Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстаннан тасымалданып келген өнім енді өз елімізде, Маңғыстау облысында өндіріле бастады. Осы арқылы құрылыс компаниялары жергілікті өнімді бірнеше есе арзан бағаға алуға мүмкіндік алып отыр.
"ӨзенҚойма" ЖШС "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның ескі сорғы штангаларын қайта өңдеп, құрылысқа арналған арматура өндіріп жатыр. Аталған мекеме осы жылдың наурыз айынан бастап іске қосылды.
"Құрылыс арматурасын өндіреміз. Өнімдерімізді Ақтау, Жаңаөзен қалаларында салынып жатқан құрылыстарға пайдаланып жатыр. Сұраныс өте жоғары. Бір мәселе - облыста металлург мамандары жоқтың қасы. Мамандықтары кәсіпорын жұмысына сәйкес келмесе де, Жаңаөзен қаласында жұмыссыздықты жою мақсатында бүгінгі таңда жергілікті жұмыссыз жүрген жігіттерді жұмыспен қамтып, өзіміз оқытып, үйретіп алып жатырмыз. Қазіргі таңда кәсіпорында 52 жұмысшы бар. Табысттары 150-170 мың арасы. Жұмыс 5 күндік. Осы күнге дейін 2 ауысымда жұмыс жасап келдік. Сұранысқа сай жақында 3 ауысымға көштік. Күніне 9-10 тонна арматура өндіреміз. Алдағы жоспар - жұмыс көлемін ұлғайту",-деді кәсіпорын директоры Нұрберген Сиихов.
Жаңаөзенде арматура шығаратын тағы бір кәсіп орын бар. "Silkway Trading" деп аталатын ЖШС жергілікті 74 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар арматураны қара және түсті металл сынықтарын қайта өңдеу арқылы жасайды.
"Осы жылдың сәуір айында кәсіпорынды іске қостық. Қазіргі таңда жұмысшыларым сұранысқа сай 4 ауысымда жұмыс жасап жатыр. Осы күнге дейін 300 тонна арматура өндірдік. Жылына 3500 тонна өндіруге мүмкіндігіміз бар. Өнімдерімізді жергілікті кәсіпкерлер құрылысқа пайдалануға алады. Жол шығыны болмағандықтан, әсіресе жергілікті өнім болғандықтан төменгі бағамен сатып жатырмыз", -деді "Silkway Trading" ЖШС директоры Марат Қалиев.
Кәсіпорын арматурадан бөлек темірбетон конструкцияларына арналған дайын металл бұйымдарын, ыстықтай болат арматура және болттар мен гайкалар дайындайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924829-mangystau-oblysynda-qurylysqa-en-qazetti-armatura-ondirile-bastady/