Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтау қаласының тұрғыны вакцина салдырып, екі бөлмелі пәтер ұтып алды

Жарияланған күні:

Ұтыс
Фото: mangystaumedia.kz

Бүгін Маңғыстау облысында "Екпе ал да, пәтер ұтып ал" науқаны өз мәресіне жетті. Басты сыйлық Ақтау қаласынан екі бөлмелі пәтер Қайрат Қосаевқа бұйырды деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Бір жарым айға созылған науқанның қорытындысы "Mangystau" телеарнасында тікелей эфирде өтті. Жеңімпаз атанған Қайрат Қосаев 94 жылы туған. Ақтау қаласына Түрікменстаннан көшіп келген. Айтуынша, қазіргі таңда нағашысының үйінде тұрып жатыр. Ал ата-анасы Түрікменстаннан көшіп келуді жоспарлап отыр.

"Ұйымдастырушыларға көп рақмет. Бастапқы уақытта бұл науқанға сенбеген едім. Қазір шынайы екеніне көзім жетіп отыр. Қуаныштымын. Жеке баспанам жоқ еді, енді ата-анам Ақтауға көшіп келгенде тұратын үйі дайын. Тіпті, қазір қуаныштан қобалжып отырмын", – дейді жеңімпаз Қайрат Қосаев.

Қайрат Қосаевтың айтуынша, Ақтауға келгеніне 10 жылдай уақыт болған. Осында оқып, білім алған. Осы уақытқа дейін "Carlsberg Kazakhstan" компаниясында мерчендайзер болып қызмет атқарған. Алайда, екі күн бұрын жұмыстан шығып кетіпті.

"Көпшілікпен жиі байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста болатындықтан екпе алуды жөн көрдім. Себебі, пандемия кезінде еркін жүріп, жұмыс істеп, аурудан аман болудың жалғыз амалы вакцина алу деп ойлаймын. Сондықтан да ерікті түрде екпе алдым, әрі қарай осы конкурсқа қатысып, бағымды сынап көрдім", – дейді ол.

Сонымен қатар бүгін бағалы сыйлықтардың соңғы легі табысталды. Нәтижесінде Құрық ауылының тұрғыны Жеңіс Оңғарбаева ұялы телефонды ұтып алды. Қысқатолқынды пеш Ақтау қаласының тұрғындары Ерлан Бекдесінов және Шынар Сабуғалиеваға бұйырды. Ал теледидардың бірін Еркебұлан Қаймер алса, екінші теледидарды Әсет Елубай еншіледі. Тоңазытқыш Салима Сейфуллаева есімді тұрғынға бұйырды.

Еске сала кетейік, аталған науқан 22 маусым күні өңір кәсіпкерлерінің қолдауымен басталған болатын. Мақсаты – екпе алған тұрғындарды ынталандыру. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық тұрғын түрлі бағалы сыйлықтарға ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрғындар тарапынан ұсыныстар түсетін болса, алдағы уақытта акцияны жалғастыруды жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926000-aqtau-qalasynyn-turgyny-vakcina-saldyryp-eki-bolmeli-pater-utyp-aldy/