2050 жылы еліміздің халық саны 25,5 млн адамға жетпек: Демографиялық болжам жарияланды
Жарияланған күні:
Елімізде 2050 жылға қарай халық саны 25,5 млн адамға жетеді деп күтілуде. Мұндай демографиялық болжамды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы аясында "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" жасап, ақпаратты ресми сайтында жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
"Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай ел халқы шамамен 20,7 млн адамды құрайды, 2040 жылға қарай аталған көрсеткіш 22,9 млн адамға дейін жетіп, ал 2050 жылға қарай 25,5 млн адамға дейін өседі деп күтілуде", - делінген орталық ұсынған ақпаратта.
Статистикалық деректер мен модельдеу негізінде болжам жасап отырған сарапшылар 2030 жылға қарай жұмыс күшінің саны 9,7 млн адамға жетіп, 2040 жылы бұл көрсеткіш 10,7 миллионды құрайды деп есептейді. Ал 2050 жылға қарай жұмыс күші 11,4 миллион адамға дейін өседі деп болжануда.
Сондай-ақ, ЕРДО сарапшылары 2050 жылға қарай тұрғындар санының ең көп өсуі республикалық маңызы бар қалаларда күтіледі деген пікірде: Нұр-Сұлтан – 2,7 есе (1,9 миллион), Алматы – 1,8 есе (1,6 миллион) және Шымкент – 2,4 есе (1,5 милллион).
Бұдан басқа, Маңғыстау облысының халқы екі есеге (1,4 млн адамға дейін), Түркістан облысында 500 мыңға (2,5 миллионға дейін), ал Алматы облысында 700 мыңға (2,8 миллионға дейін) көбеюі ықтимал дейді сарапшылар.
"Туу, өлім-жітім және көші-қон коэффициенттері тұрғысында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының біртіндеп төмендеуі байқалатын болады. Десе де, егер жалпы туу коэффициенті көрсетілген аймақтарда уақыт өте келе айтарлықтай өсіп, тұрғындардың қоныс аударуы төмендесе (этникалық құрылымының өзгеруіне және нақты кірісінің артуына байланысты), онда осы аймақтардағы халық саны тұрақтануы мүмкін", - деп жазылған орталық болжамында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926454-2050-zyly-elimizdin-xalyq-sany-255-mln-adamga-zetpek-demografiyalyq-bolzam-zariyalandy/