Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көлікпен адам қаққан Тұрсынбек Қабатовтың көмекшісі 4 жылға сотталды

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Тұрсынбек Қабатовтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Қазақстандық танымал әзілкеш, шоумен Тұрсынбек Қабатовтың көмекшісі адам өліміне әкеп соқтырған жол апатын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға сотталды. Жол апаты Қабатовтың көлігімен жасалғандықтан, әзілкештің де жауапкершілік алуына тура келеді. Сот үкімі Нұр-Сұлтан қаласы сотының сайтында жарияланды.

Оқиға 2019 жылдың қазан айында болған. Қабатовтың көмекшісі Қарағанды - Нұр-Сұлтан тас жолында 34 жастағы ер адамды қағып кеткен.

Алайда көпшілікке бұл туралы 2020 жылдың күзінде марқұмның анасы әділдікке жете алмай, БАҚ-тан көмек сұраған кезде белгілі болған еді.

Әйелдің сөзінше, көлікті басқарған ер адамның сол кезде жүргізуші куәлігі болмаған.

2020 жылдың күзінде болған жайтқа пікір білдірген Қарағанды облысының полиция департаменті қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын айтқан болатын.

"Тергеу барысында сараптама жүргізілді, оған сәйкес жүргізуші түнгі уақытта тас жолда келе жатқан жәбірленушіге соққы жасаудың алдын ала алмаған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы кезінде Lexus жүргізушісі мас емес, ал жәбірленуші орта деңгейдегі алкогольдік мас күйінде болғандығы анықталды", – деді полиция.

Резонанс тудырған оқиғадан кейін Қабатов видео жариялап, оқиға туралы басынан білгенін айтты. Ол жол апаты өзінің көлігімен жасалғанын, алайда көмекшісінің жүргізуші куәлігі бар-жоғын білмегенін айтты.

"Менің көмекшім, музыкантым кешке келіп, "бір жерге барып келейін" деп көлік сұрады. Ойымда ештеңе жоқ. Кілтті бере салдым. Жігіттер жағы түсінеді. Арты бұлай аяқталады деп ойлаған жоқпын. Кейбір ақпарат беттерінде Тұрсынбектің жүргізушісі деп беріпті. Менің жүргізушім жоқ. Көлікті өзім басқарамын.

Оның бұрын көлік жүргізуші куәлігін көргенмін. Сол уақытта құжатынан айырылып қалғанын білмейді екенмін... Ол жерде болмасам да, "көлік сенікі ғой" деп кінә тағып жатқандар үшін кешірім сұраймын. Бірақ көліктің ішінде болған емеспін. Менің айтарым осы", - деді Тұрсынбек Қабатов.

Ал бүгін жол апатын жасаған күдіктіге сот үкімі шыққаны белгілі болды.

Сот үкімінде Қасенбайға (Қабатовтың көмекшісінің тегі - ред.) екі бап бойынша - Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі және 346-бабы, 1-бөлігіне сәйкес айып тағылғаны хабарланған.

Ол сотта кінәсін ішінара мойындап, өкінген. Нәтижесінде ер адамды 4 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ сотталушы өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.

Одан бөлек, марқұмның анасы мен әйелі берген азаматтық шағымды сот ішінара қанағаттандырды. Сотталушыдан моральдық шығын ретінде 3,5 млн теңге өндірілген.

Ал көліктің иесі ретінде Тұрсынбек Қабатовтан тағы 8 млн теңге өндірілген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927441-kolikpen-adam-qaqqan-tursynbek-qabatovtyn-komeksisi-4-zylga-sottaldy/