"Ажырасу ұят емес": Заңгер еліміздегі әйелдердің отбасында қысымға жиі ұшырайтынын ашып айтты
Жарияланған күні:
Заңгер Гаухар Аукен еліміздегі ажырасу мәселелерін терең зерттеп, қиындыққа тап болған жанұяларға кеңес беріп келеді. Маманның айтуынша, елімізде жыл сайын 111 мыңға жуық жұбайлар некелеседі. Осының ішінде 53 мыңға жуық жұптың тағдыры ажырасумен аяқталады. Өзі де жолдасымен ажырасқан Гаухардың айтуынша, Қазақстандағы әйелдер құқығын білмейтіндіктен жиі қысымға ұшырайды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Біздің елімізде әрбір екінші жұп ажырасады. Олардың әрқайсысына сауатты заңдық және психологиялық көмек керек. Көп жағдайда ажырасу жақсы аяқталмайды ғой. Баланы, мүлікті бөлуден басқа да проблемалар жетіп артылады. Осындай мәселемен келушілер жиілеген соң, тараптардың ұрысып-керіспей, бейбіт жолмен ажырасуына сәл де болса септігін тигізетін компания құру ойыма келді. Мен заң саласында көптен бері жүрмін, бірақ, өзім ажырасқан соң ғана осы салаға бет бұрдым», - дейді Гаухар.
Заңгердің мәліметінше, компанияда ажырасу бойынша айына 600-700 рет заңдық кеңес беріледі. Олардың көпшілігінен жанұядағы бір-біріне деген сыйластықтың жоқтығы байқалады.
«Қазақстандағы көптеген отбасында әйелдердің дүниеге құқығы барын ұмытады, жанұядағы зорлық-зомбылық қалыпты жағдай саналады. Бала кезден бастап отбасылық құндылықтар туралы айтылмайды. Көпшілігі отбасылық құндылықты әйел еңбегін бағаламаумен, оны төмен санаумен, зорлық көрсетумен шатастырады. Бұл дұрыс емес. Бәрі де отбасыдан басталады. Егер жанұяда ерлі-зайыптылар бір-бірін сыйламай, зорлық көрсету қалыпты жағдай саналса, бұл жағдай ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді. Бізде жақсы заңдар бар. Бірақ олардың қолданылуы қатты ақсап тұр. Мысалы, ұрыс-керіс болған үй полиция шақыртады. Олар болса, «өздерің шешіңдер, бір отбасы емессіңдер ме?» деп, кетіп қалады. Әйелді ұрғаны үшін, алимент төлемегені үшін қандай да бір нақты жаза жоқ», - дейді Гаухар.
Заңгердің айтуынша, көп жағдайда зорлық-зомбылықты жасырып келетін әйелдердің өздерінде де кінә бар.
«Еркектерді кінәлай беруге болмайды. Әйелдердің де кемшін тұстары бар. Көптеген әйелдер, әсіресе, ауылдық жерде тұратын келіншектер бала кезінен ұрып-соққанға көніп келеді. Күйеуге шығады, балалы болады, бірақ, сол зорлық-зомбылыққа шыдап, жүре береді. Олар үйдің қожайыны ер адам, соны тыңдау керек деген пікірмен өмір сүреді. Ал негізінде үйдегі ең басты қағида – махаббат пен сыйластық болуы керек. Жасы үлкен апаларымыз ажырасқысы келетін жас келіншектерді жиі сынайды. Өздері талай қиындықты бастан кешіргенін айтып, басқаларды да шыдауға шақырады.
Бірақ шыдамның да шегі бар. Мен ажырасуды насихаттап отырған жоқпын, бар болғаны, күйеуің ұрып-соғатын болса, оған өмір бойы көнудің қажеті жоқтығын айтқым келеді. Ажырасу ұят емес, адамдар сыйластыққа құрылған қарым-қатынасты іздеу керек», - дейді ол.
Маманның айтуынша, ажырасатын кезде ерлі-зайыптыларға психологтың көмегі ауадай қажет. Сондай-ақ, мектепте жыныстық тәрбие жөнінен сабақ өткізілсе, көптеген проблеманың алдын алуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927903-azyrasu-uyat-emes-zanger-elimizdegi-aielderdin-otbasynda-qysymga-zii-usyraitynyn-asyp-aitty/