Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бізбен бірге жас балаша ойнайтын": Мехмет Алтай Құранды қазақ тіліне тәржімалаған ғалым атасы жайлы айтты

Опубликовано:

Мехмет Алтай11
Мехмет Алтай. Фото: Түркістан басылымы

Құ­ран­ды қазақ тіліне тәржімалаған ғалым, дін және қо­ғам қайраткері, жазушы Халифа Алтайдың немересі Мехмет Алтай Түркістан басылымына берген сұхбатында атасы жайлы естеліктерімен бөлісіп, ол кісінің қазақ халқы­ның ислам жөніндегі түсінігі дұрыс қалып­тассын деген мақсатты берік ұстанғанын айтты.

Мехмет Алтай Халифа Алтайдың үлкен ұлы Әбдулсаттардың баласы. Ол Норвегия ас­та­на­сы Осло қаласында 1986 жылы дүниеге келген және қазір сол жақта тұрады. Ата-анасы 1970 жылдары Түркиядан Норвегияға қо­ныс аударған.

Алайда 1993 жы­лы Түркияға қайта көшіп, 2006 жы­лы әкесінің қатты сырқаттанып қалуына байланысты Нор­вегияға қайта көшіп келген екен.

Мехметтің айтуынша, әкесінің Әбдулсамет, Әбдірайым, Аднан, Шәкира, Шәкура, Мәшкура Әйтен атты бауырлары бар. Әбдірайым мен Аднан бүгінде Алматыда тұрады.

"Атам­ның менен бөлек, он алты немересі бар. Сол немерелерден тараған шөберелер қан­шама. Олардың барлығы атаның қандай ғұ­лама, ғалым болғанын жақсы біледі. Атам­ның мыңдаған аударма жұмысынан бө­лек, қызық деректерге толы бірнеше туын­дысы бар.

Мысалы, "Атажұрттан Анадолыға дейін" атты туындысында ол кісі Алтайдан Гималайға, сосын Үндістан мен Пәкістанға, ақыр соңында Түркияға келіп тоқтаған қазақтардың көшін сипаттап жазған. Ал "Естеліктер" деген шығармасында бала кезінен түртіп жүрген ерекше естеліктерді тізіп шыққан. Одан бөлек, "Қазақ түріктерінің шежіресі" атты тамаша туындысы бар", - дейді ол.

Мехметтің сөзінше, атасы өмірден өткенде он жеті жас­­­та болған.

"Әлбетте, біраз нәрсе есім­де. Ең есімде қалғаны, бәрімізге үнемі уа­­ғыз-насихат айтып, біздің бола­ша­ғы­мыз­ға қатты алаңдайтын. Норвегияда немесе Түркияда болсақ та хабарласып, барлығымызбен әңгімелескенді жақсы көретін. Тіпті қайтыс болардың алдында да бізбен сөйлесті", - дейді Мехмет.

Халифа Алтай әулеті44
Халифа Алтай әулеті. Фото: Түркістан басылымы

Оның сөзінше, қазақтар Халифа Алтайды молда, ғалым деп таныса, өмірде ол кісі немерелері десе жанын беруге әзір жан болған.

"Ол кісі бізбен әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көретін. Әлі есімде, жасы жетпіске таяса да, бізбен бірге жас балаша ойнайтын. Сондай-ақ, қалжыңмен қағытып, әсерлі әңгіме айтып, бізді үнемі күлдіруге тырысатын. Тағы бір есімде қалғаны, атам мені Құран курсына ертіп апарған болатын. Сол кезде жиналған көпшілікке "Мына бала – менің немерем!" деп мені ерекше мақтанышпен таныстырғаны есімде.

Сонымен қатар, Түркияда, Норвегияда оқып жүрген немерелері емтихан тапсырмас бұрын атамның олар үшін дұғада болуын сұрайтын. Атам көпшіл кісі еді ғой. Барлығына бірдей қарайтын, ешкімді бөле-жармайтын.

Түркия қазақтарымен қатар, Қа­зақстандағы қазақтардың исламға бет бұруына септігін тигізу үшін тынбай еңбек етке­нін білетін боларсыз. Ол қазақ халқы­ның ислам жөніндегі түсінігі дұрыс қалып­тассын деген мақсатты берік ұстанды. Атам­ның айтқан насихатын біз де әлі күнге дейін жадымыздан шығармаймыз, ол кісі­нің айтып кеткен өсиетінің мән-мағынасын енді түсініп жатқандаймыз", - дейді Мехмет.

Мехмет бүгінде отбасымен Еуропада тұрып жатса да, шыққан тегін ұмытпай, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанады.

"Біз үйде қазақша сөйлесеміз. Дегенмен Түркияда өсіп-өнгендіктен, түрік тілін араластырып сөйлейміз. Арасында ағылшын тілін де қосып қоямыз. Сосын, әлбетте, Норвегияда тұрып жатқан соң, норвег тілін де араластырып сөйлейміз.

Ал бірақ толы­ғы­мен қазақ салтын ұстанамыз. Қазақша ет әзір­леп жейміз. Тойда беташар жасаймыз. Қо­наққа бас тартамыз. Кәдеге толы түйін­шек таратамыз. Осы ретте біздің ата-аналарымыздың ерен еңбегін айта кеткен жөн. Өйткені олар ана тілін, төл мәдениетті ұмытып қалмасын деп, әркез бізбен қазақша сөйлесіп, салт-дәстүр, мәдениет туралы бар білгенін бізге түсіндіріп отыратын. Соның нәтижесінде Ослода туып-өссек те, қазақ тілінің мәртебесі жоғары, қазақ мәдениетінің орны бөлек екенін білеміз", - дейді Мехмет Алтай.

Мехмет Қазақстанда үш рет болған. Ол елге әркез келген сайын таңғалудан жалықпайтынын айтады. Өйткені ірі мегаполистер ерек­ше қарқынмен дамып, бүкіл әлем қы­зыға қарайтын орынға айналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928344-bizben-birge-zas-balasa-oinaityn-mexmet-altai-qurandy-qazaq-tiline-tarzimalagan-galym-atasy-zaily-aitty/

pixel