"Мына түрімізбен қою қызыл аймақтан әлі шыға қоймаймыз": Журналист "Алтын Ордадағы" адамдар кептелісін көрсетті
Жарияланған күні:
Елімізде жаңа оқу жылында мектеп формасының орнына оқушыларға классикалық киім үлгісі рұқсат етілді. Осы орайда алматылық ата-аналар карантиндік шектеулерге байланысты мектеп жасындағы балаларына киім сатып алуда қиындыққа тап болғаны жайлы жарыса жазуда. Демалыс күндері қалада тек "Алтын Орда" базары мен "Апорт" сауда орталығы жұмыс істеп тұр. Ал белгілі журналист Серікжан Мәулетбай салдарынан "Алтын орда" базарында қандай кептеліс болып жатқанын көрсетті деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мынау Алтын Орда. Мұнда адамдардың кептелісі. Барлығы мектепке "классикалық" киім үлгісін сатып алуға келген. Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім министрлігіне рақмет, біз мына түрімізбен қою қызыл аймақтан әлі шыға қоймаймыз", - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Сонымен қатар, журналист министр Асхат Аймағамбетовтен мектеп оқушыларына расымен де еркін стильде киюге рұқсат беруді сұрады. Оның сөзінше, Алматы қаласында демалыс күндері барлық сауда орындары жабық, барып киім сатып алатын жер жоқ, ал жұмыс күндері ата-аналардың уақыты жоқ.
Журналистің жазбасына пікір жазған желі қолданушылары оның сөзін растап отыр.
"Келісемін, жұмыс күндері барлығы сағат 17:00-ге дейін жұмыста. Ал демалыс күндері барлық жер жабық тұрады", - дейді Сая Құрманғазықызы.
Білім министрінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева классикалық стильді рұқсат еткен кезде, оған қарсылық танытқандардың көп болғанын айтады.
"Мұғалімдер, ата-аналардың өзі қарсы болды. Ата-аналар балалар арасында әлеуметтік айырмашылық көрініп қалады деп жазды. Мектепке оқушылары үй киімімен, қысқа шортымен (мұның бәрі еркін киім стилі) келеді деген сөздер болды. Осылайша көпшілігінің пікірі ешбір тәртіп болмайды дегенге саяды. Мен әлеуметтік желіні сараптай келе, мектеп формасын жақтыртпайтындар саны оны қолдайтындардан көп екенін байқадым.
Егер ата-аналардың өзі ең болмағанда классиканы қолдаса, еркін стиль туралы қарастырар едік. Мектеп формасын сатып алу міндетті емес, мектепке классикаға жақын киімдердің арасынан таңдап алып, келе беруге болады. Бәлкім, сауда орталықтары мен дүкендердің жұмыс уақытын қайта қарау керек шығар", - деп жазды Мөлдір Әбдуәлиева журналист жазбасына жауап ретінде.
Ал Серікжан Мәулетбайдың парақшасында Алматы облысының санитарлық эпидемиологиялық департаменті "Алтын орда" базарының жексенбі күні жұмыс істеп тұрғанын "Ashyq көшбасшысы" статусын алуымен түсіндірді.
Бұл туралы департаменттің баспасөз хатшысы Алия Шағиахмет мәлімдеді.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қызыл аймақтағы "Ashyq көшбасшысы" статусына ие Ashyq жобасының қатысушыларына сары аймақта жұмыс істеу шартына сай жеңілдік беріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928458-myna-turimizben-qoyu-qyzyl-aimaqtan-ali-syga-qoimaimyz-zurnalist-altyn-ordadagy-adamdar-keptelisin-korsetti/