"83 миллионға алдым": Ауласына қару қалдықтарын үйіп тастаған жамбылдық кәсіпкер оны қайдан алғанын айтты
Жарияланған күні:
Журналист Данияр Әлімқұл Байзақ ауданы орталығында жарылғыш затқа ұқсайтын темірдің үйіліп жатқанын өзінің желідегі парақшасында көрсеткен болатын. Журналисттің сөзінше, үрейленген халық оған көз жеткізу үшін аталмыш жерге лек-легімен келіп жатыр деп хабарлайды Aibat_kz жаңалықтар қызметі.
Тұрғындар кәсіпкерден снарядтардың қалдықтарын жинап, елден аулақ жерге апарып тастауды талап еткен.
"Егер олар тазалап жатып, темекінің шоғы түсіп кетсе, жарылып кетуі мүмкін ғой. Сол үшін бұл жерден алып кетсін", - дейді жергілікті тұрғын.
Көпшіліктің үрейін қашырған үйіндінің иесі оның шынымен снаряд екенін айтты. Алайда кәсіпкер аукционнан сатып алынған нәрседен еш қауіп жоқ деп сендіреді.
"Осы затты үкіметке 83 миллион теңге құйып сатып алғанбыз. Қазір өтпей тұр. 1500 тонна алынған. Бір 200-300 тоннасын кесіп саттық. Қалғанының бәрі жатыр міне, өзіме де оңай болып жатқан жоқ", - дейді Азамат Болатбеков.
Aibat тілшісі снарядтардың іші бос екенін айтады. Кәсіпкер қару қалдықтарын темір ретінде өткізуге алған. Қазір оны сата алмай шығынға батқан көрінеді.
Бір жыл бұрын Қапшағайдағы темір қабылдау пункттерінің бірінде снаряд жарылып, жұмысшы бақилық болған. Сол кезде де әлдекімдер зеңбіректің қауіпсіз екенін дәлелдегісі келіп, бір-біріне ұрып көрген. Алайда ойыннан от шықты.
Жамбыл облысы Полиция департаменті мейрамхана ауласында тау болып үйіліп жатқан темірдің қоғамға қаупі жоқ деп мәлімдеді. Снарядтарды сатып алған кәсіпкер де ауылдастарын қорықпай, керісінше тез құтылу үшін сатуға көмектесуге шақырады.
Алайда әскери қоймада сақтаулы қарудың жарылатынын көрген халықтың отпен ойнағысы жоқ. Олар тез арада үйіндің жойылуын талап етуде.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі желіде тараған cнарядтардың видеосына түсініктеме берді.
"Видеода көрсетілген снарядтардың сырты мен оқсауыты – бұл оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық алаңындағы сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Олар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді. Өндірістік база «Бақтияр-Group» ЖШС-ға тиесілі екені тексеру барысында анықталды. Оның аумағы Аталған металды «Бақтияр-Group» ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы, Арыс қаласында «Қазтехнология» АҚ-ның металл сынықтары қоймасымен жасалған шарт негізінде сатып алған", - делінген ресми хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929478-83-millionga-aldym-aulasyna-qaru-qaldyqtaryn-uiip-tastagan-zambyldyq-kasipker-ony-qaidan-alganyn-aitty/