RU

"Аузымыз әйнекке толды": Жарылыстан тірі қалған жамбылдық өрт сөндіруші қорқынышты күнді еске алды

Сембеков
Кадр: "Студия 7"

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан тірі қалған өрт сөндіруші Байбек Сембеков "Студия 7" жобасына сұхбат беріп, қорқынышты күнді еске алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Сембековтің айтуынша, әскерилердің бірі оған өрт ошағында жарылатын заттар жоқтығын мәлімдеген.

"Оқиға орнына келе салысымен әскерилердің біріне жақындап, қоймада не барын сұрадым. Олар айтарлықтай жарылғыш зат жоқтығын алға тартты. Біз бірден жұмысымызға кірістік. Су көзін іздей бастадым. Сусыз аймақ еді. Біздің көліктерде ең көбі 5-8 тонна су бар еді, бұл өртті сөндіруге жеткіліксіз болатын", - дейді Сембеков.

Ол ангарға жақындай бергендерінде жарылыс болғанын айтуда.

"Барлық көліктер ангарға жақындасын деген бұйрық болды. Мен көлікке отырдым, қасымда бір жауынгер мен жүргізуші болды. Көлікке отырып, енді қозғалуға бұйрық бергенімде, жарылыс болды", - дейді ол.

Сембековтің сөзіне сенсек, сол сәтте жарылыстан көлік аударылып түскен.

"Көлігіміз аударылып түсті. Артқы орындыққа өрмеледік. Сыртқа қалай шыққанымыз есімде жоқ. Есікті аштық па, терезесінен шықтық па, әйтеуір шыға алдық. Айқай-шу болып жатты, жылап жатқандар болды. Бәрі абдырап қалды. Көбі басын ұстап, қан-жоса болып жатты", - дейді Байбек Сембеков.

Өрт сөндіруші жарылыстан аузы әйнекке толғанын есіне алды.

"Соққы адам сенгісіз болды. Бірдеңе айтқым келіп еді, айта алмадым. Аузым әйнекке толды. Түкірсем, қан. Бәрі сондай жағдайда болды. Көліктің әйнектері кіріп кетті. Бірінші жарылыстан он минут өткесін екіншісі болды... Бәріміз каска киіп, жерде жаттық. Бірінің аяғы сынып, бірінің көзі көрмей қалды. Бір-бірімізге көмектесіп, оқиға орнынан кеттік. Сол жерден тезірек кетуден басқа амал қалмады", - дейді Сембеков.

Өрт сөндіруші өз әріптестерінің қазасы жайлы кейін өзгелерден естіген екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929578-auzymyz-ainekke-toldy-zarylystan-tiri-qalgan-zambyldyq-ort-sondirusi-qorqynysty-kundi-eske-aldy/