RU

Сайлауалды митингке келгендер Канада премьер-министрін таспен атқылады (видео)

Джастин Трюдо
Джастин Трюдо. Фото: Cole Burston / Getty Images

Канаданың Онтарио аймағында сайлауалды митингке келушілер елдің премьер-министрі Джастин Трюдоға ұсақ тас лақтырған деп хабарлайды Lenta.ru.

Болған жайттың видеосын CTV телеарнасы таратқан.

Кадрларда Трюдоның митингтен кейін автобусқа келе жатқаны көрсетіледі. Осы мезетте бір топ адамның ішінен әлдекімдер саясаткерге тас лақтырады.

Премьер-министрді күзетшілері жауып үлгерген. Десе де, тастардың бір бөлігі Трюдоға, қалғаны күзетшілерге тиген. Бұл жайттан Канада премьер-министрі зардап шекпеген.

Басылымның мәліметінше, Трюдомен кездесуге келгендер арасында оның саясатымен келіспейтін азаматтар, соның ішінде Канада Халық партиясының жақтастары болған.

Олар бұған дейін тұрғындарға коронавирусқа қарсы мәжбүрлеп вакцина егуге қарсы шығып, канадалықтардың құқығы мен бостандығының сақталуын талап еткен еді.

Айта кетсек, 8 маусым күні Франция президенті Эммануэль Макрон Дром департаментіне барған кезде әлдекім мемлекет басшысын шапалақпен салып жіберген болатын.

Шабуыл жасаған ер адам Дамьен Терель есімді тұрғын болып шықты. Ол төрт айға түрмеге тоғытылды. Сотталушының адвокатының сөзінше, Терель өз іс-әрекеті үшін өкінетінін айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930774-sailaualdy-mitingke-kelgender-kanada-premer-ministrine-tas-laqtyrdy-video/