Теміртау тұрғыны ажырасқаннан кейін өзі берген қалыңмалды қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінді
Жарияланған күні:
Теміртау қалалық соты оғаш азаматтық істі қарап, үкім шығарды. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткеннен кейін бір-бірін сотқа беріп, қалыңмал мен жасауды қайтарып алғысы келген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әдетте ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін ортақ мүлікті бөліседі және сол үшін жиі сотқа жүгінеді. Алайда, қалыңмалды не қыз жасауын қайтару туралы арыз беру - сот тәжірибесінде өте сирек кездесетін жағдай. Сол себепті, бұл жайт қалалық сот қызметкерлерін таңғалдырған.
Алдымен сотқа жасауды қайтаруды талап еткен әйел шағымданған. Бұл шағым татуластырушы-судьяға жолданғанымен, екі тарап та мәселені бейбіт жолмен шешуден бас тартқан.
Оның үстіне, істі қарау кезінде арызданушының бұрынғы күйеуі де қалыңмалды қайтару туралы қарсы талап қойғаны белгілі болған.
"Мұндай сипаттағы іс соттың қарауына сирек түседі. Сондықтан, мұндай дауды шешудің бірізді тәжірибесі қалыптасып үлгерген жоқ. Бұл азаматтық іске қатысты негізгі және қарсы талап-арызды ішінара қанағаттандыру үкімі шығарылды. Сот үкіміне сәйкес, ер адам бұрынғы әйелінің мүлкін қайтарады, ал бұрынғы әйелі оған төленген қалыңмалдың бір бөлігін қайтаруға міндетті", - делінген Теміртау қалалық сотында.
Еске салсақ, бұған дейін отандық заңгер Гаухар Аукен "ажырасқан соң дұрыс қарым-қатынасты сақтап қалу үшін не істеу керек" деген сұраққа жауап берген еді.
Сондай-ақ, Гаухар Аукен еліміздегі ажырасушылар саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931168-temirtau-turgyny-azyrasqannan-keiin-ozi-bergen-qalynmaldy-qaitarudy-talap-etip-sotqa-zugindi/