Алматы облысында ауруханада көз жұмған қыздың жұмбақ өлімі тексеріліп жатыр
Жарияланған күні:
Алматы облысында 16 жастағы қыз ауруханаға жатқаннан кейін бір аптадан соң көз жұмған. Туыстары ақ халаттылар Кристина Райхтың жағдайы мен оған жасалған ем-дом туралы бұған дейін тіс жармады деп отыр. Тіпті, олар өздерінің мүмкіндігі жетпегеннен кейін араға адвокат салып білуге де тырысқан деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Өз аяғымен үйінен шыққан Кристина Райхты туған-туыстары соңғы рет 30 тамыз күні көрген.
Сол күні 16 жастағы бойжеткен екі жақты пневмониямен Іле аудандық орталық ауруханасына жатқызылған. Жақындарының сөзінше, содан кейін оның жағдайы мен қандай ем-дом жасап жатқандары жайлы дәрігерлер тіс жармаған.
Тіпті, қандай да бір ақпарат сұраған кезде диагноздың өзін шатастырып, мардымды жауап бермеген көрінеді.
"Дәрігерлер күн сайын әртүрлі диагноздар айтқандықтан, біз қандай ем-дом жасап жатқандары жайлы шағын көшірмені көрсетуді сұрадық. Баланың қандай күйде екенін біле алмадық. Ақ халаттылар оны бізге көрсетуден түбегейлі бас тартты", - дейді жасөспірімнің әпкесі Ирина Кирилюк.
Қыздарының қандай жағдайда екені жайлы нақты ақпарат болмағасын, туыстары адвокаттың көмегіне жүгінген. Ол болса аурухананың бас дәрігеріне жүгінбек болғанымен, еш нәтиже шықпаған.
Ал 7 қыркүйек күні дәрігерлер қыздың жақынына хабарласып, оның қайтыс болғанын естірткен. Мәйітханаға барған туыстары оның денесін көргенде шошып кеткендерін жасырмайды.
"Бізге баланы ашып көрсеткен кезде оның бүкіл беті көкпеңбек болып кеткенін байқадық. Мұрны мен маңдайы, бәрі көгеріп кеткен", - дейді әпкесі.
Бұл шағымға қатысты пікір білдірген Іле аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары ауруханаға түскен кезде Кристинада коронавирустық инфекцияның белгілері бар пневмониядан бөлек, қосымша аурулары, соның ішінде қант диабеті болғанын айтады.
"Науқас біздің стационарға 30 тамызда аса ауыр жағдайда жеткізілді. Консультация мен қосымша тексерулерден және компьютерлік томографиядан кейін, науқаста ишемиялық типтегі ми қан айналымының жедел бұзылуы және синус тромбозы бары анықталды. Барлық емдеу ҚР ДСМ хаттамаларына сәйкес жүргізілді. Ал туыстарын кіргізбеген себебіміз, Кристина реанимацияда жатты. Онда бөге адамдардың кіруіне болмайды", - дейді Іле аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Лязиза Сүлейменова.
Дәрігерлердің дерегінше, Кристина инсульт алған. Ал тромбоз коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның әсерінен болуы мүмкін. Алайда, өрімдей қыздың нақты неден қөз жұмғаны әзірге белгісіз.
Полиция департаменті аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғап, қажетті сараптамалар тағайындалған. Ақ халаттылардың кінәсі бар-жоғы және өлімнің нақты себебі тергеу барысында анықталмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931187-almaty-oblysynda-auruxanada-zatqan-qyzdyn-zumbaq-olimi-tekserilip-zatyr/