"Өлімді құрметтеу керек": Жүрсін Ерман не үшін тойға барудан мүлде бас тартқанын айтты (видео)
Жарияланған күні:
Жүрсін Ерман белгілі кәсіпкер, меценат Дулат Тастекеевпен болған сұхбатында пандемияның өміріне қандай өзгеріс әкелгенін баяндап берді. Белгілі ақын індетке байланысты тойға барудан бас тартқанын мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман көптен бері алғаш рет сұхбат берді. Ақын пандемия өмірге деген көзқарасын қалай өзгерткені жөнінде ойын жеткізді.
"Қазақ халқы өмірге бейім халықпыз. Мына соңғы індетке байланысты өмірімізде көп өзгеріс болып жатыр. Соның бәріне лайықтана білетін халықпыз. Сол өзгерістер біздің де басымыздан өтіп жатыр. Көзқарастарың өзгереді. Анау айтқан жас та емеспіз. Күрт өзгеріп кетуге де онша ықыласымыз болмайды.
Дегенмен біраз тіршілігімізге өзгеріс енді. Үкімет талап қойып жатыр. Санитарлық дәрігерлер той-томалақты тоқтата тұруды айтып жатыр. Амандықтың қамын ойлайық дегенге көнбей жатқан халық бар. Мен соны түсінбеймін.
Жан-жақтың бәріне шектеулер қойылып, дерттің қатері аяқ бассаң алдыңнан шығатын кезеңде қалай той жасауға болады? Бұл жеке басыңды ғана ойлау емес. Шақырған соң қазақ амал жоқ барады.
Ресторан-кафелердің артынан жасырын кіретін тойларға, жиындарға, астарға бару келгендердің бәрінің басын бәйгеге тігу ғой. Теледидардан әр жерден шығып жатыр ғой, дронмен түсірілгендер, тексеретін топ келіп қалғанда тым-тырақай қашып жатқандар. Соны түсінбеймін, неге соншама тәуекелге барамыз?!
Мысалы, бір апта бұрын Қапшағайда туған балдызым үйленді. Бармай қойдым. Айттым. Тойға барам деп тәуекелге бара алмаймын. Екі-үш күннен кейін тағы бір балдызым үйленеді. Соған қылқынып шақырып жатыр. "Үлкенімізсің, ортамызда бол", - деп. Тағы бармайын деп отырмын.
Той табылады ғой. Бірақ өмір біреу-ақ. Оны қатерге тігудің не қажеттігі бар?!", - дейді Жүрсін Ерман.
Сондай-ақ, ақын пандемия кезінде өлім-жітімге бару туралы ойын айтты.
"Өлімді құрметтеу керек. Бірақ мына кезде құрметтей алмайтын жағдайға келдік. Жақын араласып жүрген қаламдастар кетіп жатты бірінің артынан бірі. Соларға топырақ сала алмайтын болдық. Оған түсіністікпен қарайды енді. Басқа амал жоқ", - деген пікір білдірді Жүрсін Ерман.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931373-baldyzym-uilengende-barmadym-zursin-erman-ne-usin-mulde-toiga-barudan-bas-tartqanyn-aitty-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.