Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында мұғалімдерді курорттық аймақтағы гольф алаңын тазалауға мәжбүрлеген

Опубликовано:

Мұғалім
Көрнекі сурет: pixabay.com

Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Қабенова қай өңірлерде мұғалімдер құқығы бұзылып, оларды қызметінен тыс жұмыстарды орындауға мәжбүрлейтінін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Гүлзат Қабенованың сөзінше, жаңа оқу жылы басталғалы бері білім мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне ата-аналар мен мұғалімдерден 70 шақты арыз түскен.

"Аймақтық департаменттер барлық шағымды дер кезінде қарап, тиісті шешім қабылдайды. Түркістан және Алматы облыстарында мұғалімдердің құқығын бұзу фактісі жиі тіркеледі", - дейді ол.

Мысал ретінде Қабенова Түркістан облысындағы мектептердің бірін келтірді.

"Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Б. Омаров атындағы №50 мектептің мұғалімдері өздерін курорттық аймақтағы гольф ойнауға арналған алаңды тазалау жұмыстарына тартқанын хабарлады. Арызды қарап, аталған мектептің директоры міндетін атқарушыны жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды.

Алматы облысында педагог директор мұғалімдерден ақша жинап, педагогтерді өзіне тиесілі емес жұмысқа тартты деп шағымданды. Аймақтық департамент шағымды қарап, кеңестің шешімімен Текелі қаласы №6 мектебінің директоры қызметінен босатылды", - дейді Гүлзат Қабенова.

Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді құқығын қорғау бойынша комитет қабылдаған шараларды қолдап отыр. Сондай-ақ, министр осы бағытта жұмыстар жалғасатынын айтады.

"Өте көп арыз түсетінін көріп отырсыздар. Шағымдар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі. Мұғалім тек балаларды оқытуы керек. Педагогтерді қызметінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынады. Аймақтық департаменттер заң нормасын бұзатындарды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстарды жалғастыруы керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931980-turkistan-oblysynda-mugalimderdi-kurorttyq-aimaqtagy-golf-alanyn-tazalauga-mazburlegen/

pixel