Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеті ай бойы ет жемедік": Жалғызбасты ана төрт баласын асырау үшін күйеуіне қарыз боп қалды

Жарияланған күні:

Ләззат Дәркенбаева
Ләззат Дәркенбаева: жеке мұрағат

37 жастағы жалғызбасты ана Ләззат Дәркенбаева төрт баласын жетілдіру үшін күні-түні еңбектеніп жүр. Ол бүгінге дейін үйден лағман созып, сатып келген. Соңғы бір айда подъезд тазалаушы болып жұмысқа кірген. Алайда, үлкен ұлы 17 жасқа толған ананың жанайқайы естір құлаққа жетпей жатыр. Ләззат бұрынғы күйеуінен алимент алудың орнына, оған қарыз болып қалған. Балалары тойып тамақ жемейтін, жеті айдан бері еттің дәмін татпаған көпбалалы ана өз оқиғасын баяндап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Күйеуіммен ажырасқаныма бірнеше жыл болды. Ажырасуыма басты себеп – жолдасымның маған жиі қол көтеруі. Жылдар бойы шыдап келдім. Басымды жарды, жағымды сындырды, көрсетпегені жоқ. Балалар үшін бәріне көз жұма қарадым. Бірақ кезекті рет қатты жарақаттаған соң, қайын атамның өзі батасын беріп, бөлек кетуімді сұрады. Өйткені, баласы мені өлтіріп қояды деп қорықты. Талай жыл қорлыққа шыдап, өз жөніммен кеттім.

Күйеуім алимент төлеп жүрген. Алайда, жоқтық шыдатпай, балалардың киіміне, тамағына ақша сұрап жүрдім. Ол керекті қаражаттың бәрін қолхатпен беретін. Яғни, үлкен ұлына киім әперсе, "осынша теңгеге киім алдық" деп қолхат береміз. Осылайша, оған өзім қарыз боп қалдым. 2023 жылға дейін ол маған алимент төлемейді. Туған балалары үшін ақшаны осылай қарызға береді. Қазір оның не жұмыс істейтінін нақты білмеймін. Естуімше, базарда кәуап пісіріп жүр", - дейді Ләззат.

Бүгінде Ләззат Алматы шетіндегі үйлердің бірін жалдап тұрады. Үйдің қожайыны оған осы жердегі басқа да пәтерлерге бас-көз болуын сұрап, пәтер бағасын сәл арзандатқан.

"Үш бөлмелі үйді 30 мыңға жалдаймыз. Өйткені, менің ыдыс-аяқтан басқа ештеңем жоқ. Бұл жерде төсек-орын, жабдықтар бар. Үйдің жоқтығынан, баспананың жоқтығынан шаршадым. Үлкен ұлым дзюдомен айналысады. Біраз республикалық жарыстардан бірінші орын алып келді. Оны кішкентайынан әкесі спортқа берген. Үш ай болды, біз қарыз боп қалғасын, үйірменің ақшасын бермей қойды әкесі. Қазір спортты да тоқтатты. Жазда жүк тасушы болып маған көмектесті, бірақ, полицейлер кәмелет жасына толмағасын бұларды көп қарауылдайды.

Ләззаттың үлкен ұлы жеңіп алған медальдар
Ләззаттың үлкен ұлы жеңіп алған медальдар: жеке мұрағат

Үлкен ұлым керемет спортшы, алты жасынан бастап намаз оқиды. Қазақстанның атын әлемге танытқысы келеді. Кейде мешіттен үйге азын-аулақ азық-түлік алып келетіні де бар. Ал кіші ұлымның есімі Ернар. Тегі Айдар болғасын, әнші болсын де ырымдап қойдық. Ернар Айдар болып ән айтып жүр. Мен балаларымның болашағына алаңдаймын.

Осылай көмек сұрағаным үшін қиналамын. Біздің ет жемегенімізге жеті ай болыпты. Балалардың әкесінен қайран жоқ. Банк карточкам бұғатталып тұр. Себебі, қатты ауырып, ота жасаттым. Содан соң қимылдай алмай, балалардың киімін жуу үшін кір жуғыш машина алғанмын. Соның бес айын төлеп, кейін ақша жеткізе алмадым. Сол үшін банк бұғаттады", - дейді Ләззат.

Егер Ләззат Дәркенбаеваға көмектесем деушілер болса, үлкен ұлы Бақдәулет Ахметтің реквизиті төмендегідей:

Kaspi Gold: +7 707 017 03 61, Бақдәулет Ахмет

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932061-zeti-ai-boiy-et-zemedik-zalgyzbasty-ana-tort-balasyn-asyrau-usin-kuieuine-qaryz-bop-qaldy/