RU

Маңғыстауда адам шошырлық жол апатынан бес адам қаза тапты: Тағы төрт бала ауруханада жатыр

Көлік
Көрнекі фото: pixabay.com

16 қыркүйек күні сағат 01:48-де Маңғыстау облысындағы тас жолда Lexus LX 470 көлігі аударылып қалды. Жол апаты салдарынан оқиға орнында бес адам қаза тауып, тағы төрт бала түрлі жарақат алған. Зардап шеккендердің жағдайы туралы өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімет берді деп жазады Lada.kz.

Жол талғамайтын көлік Қарақиян ауданындағы тас жолда, Жетібай ауылына барар жолда аударылған.

Ведомствоның мәліметнше, рөлде 27 жастағы қыз отырған. Ол оқиға орнында көз жұмды.

Одан бөлек, жол апаты тағы төрт адамның өмірін жалмаған. Олар: 1966 жылы туған әйел, 31 жастағы жүкті әйел, 1964 және 1967 жылы туған ер адамдар.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан тоғыз адам зардап шекті. Оның бесеуі оқиға орнында қайтыс болды. Қалған зардап шегушілер төрт кәмелет жасына толмаған балалар", - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы.

2011, 2012 және 2019 жылы туған балалар жедел жәрдемді күтпестен, Жетібай аудандық ауруханасына жеткізілген. Оларға жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының зақымы, маңдай мен шынтақ буынының жарақаты, білек сүйегінің жабық жарақаты, травматикалық шок диагнозы қойылған.

Дәрігерлер екі баланың жағдайын тұрақты ауыр, ал үшіншісін орташа ауыр деп бағалап отыр. Бүгін пациенттерді санитарлық авиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізу жоспарлануда.

2013 жылы туған тағы бір бала жолдағы көліктердің бірімен Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген.

"Қазіргі уақытта бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Оған геморрагиялық ми жарақаты, II дәрежелі ми комасы, ІІ дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылды. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды", - деді ведомство.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932376-mangystauda-adam-sosyrlyq-zol-apatynan-bes-adam-qaza-tapty-tagy-tort-bala-auruxanada-zatyr/