RU

Қарағанды облысында бес қабатты үйдің қабырғасы қақ айырылды (видео)

Үй
Видеодан кадр: Хабар 24

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Сарышаған кентінде бес қабатты үйдің қабырғасы дәл ортасынан қақ айырылған деп хабарлайды "Хабар 24".

Қазір қауіпті баспанада 60 отбасы тұрып жатыр. Бірер күн бұрын арнайы мамандар келіп, үйге техникалық сараптама жасаған. Әзірге нәтижесі шықпаған.

Тұрғындардың айтуынша, жарықшақ жыл санап ұлғайып келеді. Жұрт қаржы жинап, оны қанша мәрте жамағанмен, нәтиже жоқ. Төбедегі су түгел үйге ағып, қабырғалар сыздан көгеріп кеткен. Сол себепті, тұрғындар пәтерді жөндеудің еш мәні жоқ деп отыр.

"Біз жаңа үй талап етеміз. Біз қайда барамыз, қара суық, қыс келе жатыр бүгін-ертең. Әкімшілік бізге жалдамалы пәтер ұсынып жатыр. Болмаса, интерннатқа дейді", - дейді Сарышаған кентінің тұрғыны Гүлфариза Түсіпбекова.

Осыдан 43 жыл бұрын іргетасы қаланған көп қабатты үйдің қабырғасы алғаш рет 2006 жылы жарылыпты. Бірақ мамандар келіп, тексеріп, баспана тұруға жарамды деген қорытынды шығарған. Осылайша, үйді айналдыра темірмен тартып тастаған. Бірақ соған қарамастан жыл өткен сайын қабырғасы қисайып жатқан көрінеді.

Одан бөлек, жақын маңда жол салып жатқан құрылыс компаниялары жиі жарылыс жасайды екен.

"Сарышағанның жолдарының барлығы тас болғаннан кейін тасты үгіте алмайды. Одан кейін оны атады. Сол кезде біздің есігіміз, тереземіз дірілдейді. Біз үй құлап кете ме деп қорқамыз. Ертең бізге ол үйді жамап бергені керек емес", - дейді тұрғын Ақерке Әлімқұлова.

Телеарнаның дерегінше, жергілікті билік биыл осы маңдағы көп қабатты бірнеше үйге шатыр салмақ болған. Бірақ мердігер жарылған баспананы жөндеуден бас тартыпты. Олар үй шатырдың салмағын көтермейтінін айтқан. Осыдан соң кент әкімі бұл үйге тағы бір мәрте техникалық сараптама жүргізуге шешім қабылдапты.

"Бұл жерде бір шешімі – үй салу. Егер апаттық жағдайда сүрілетін болса, онда бұл жаққа тек қана үй салу керек", - дейді Сарышаған кентінің әкімі Әнуар Тойымбеков.

Себебі бір мезетте 60 отбасын көшіретін кентте дайын тұрған баспана жоқ екен. Соңғы 30 жылда мұнда көп қабатты бірде-бір үй салынбаған. Оның үстіне қазір Сарышаған бойынша пәтер кезегінде 50 адам тұр. Сондықтан бар үміт техникалық сараптаманың қорытындысында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934438-qaragandy-oblysynda-bes-qabatty-uidin-qabyrgasy-qaq-aiyryldy-video/