RU

Талдықорғанда сөндірілмеген темекіден шыққан өрттен 43 адам эвакуацияланды

өрт
Видеодан кадр: instagram.com/almatyobl_tjd

Талдықорған қаласында пәтерлердің бірінен шыққан өрттен 6 адам құтқарылды деп хабарлайды Алматы облысы ТЖД Instagram парақшасында.

4 қазан күні сағат 16:54-те Алматы облысының ТЖД-не Самал шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

"Аталған шақырту орнына жоғары дәрежелі шақырту бойынша күштер мен құралдар, атап айтқанда Талдықорған қаласының өрт сөндіру бөлімшелері дереу жіберілді. Өрт сөндіру бөлімшелері шақыру орнына белгіленген нормативтік уақытта келіп жетті. Келген бойда түтінделген пәтерлерден адамдарды құтқару және эвакуациялау жұмыстары кажет екені анықталды. Өртті бір мезгілде сөндіре отырып, адамдарды құтқару және эвакуациялау бойынша жұмыстар дереу ұйымдастырылды", - делінген хабарламада.

Қабылданған жедел шаралар барысында алты адам құтқарылды, оның үшеуі бала, сондай-ақ 43 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және 52 адам өз бетінше эвакуацияланған.

Ведомствоның мәліметінше, өрттің ғимарат төбесіне және көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеген.

Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД 33 қызметкері мен 10 техникасы, сондай-ақ полиция, жедел медициналық көмек және авариялық-газ қызметінің қызметкерлері жұмыс істеген.

Өрт сағат 17:19-да ауыздықталып, сағат 17:33-те сөндірілді. Қызыл жалын 21 шаршы метрді шарпыған. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.

"Өрттің алдын ала себебі бөгде калориясы аз от көзі (алдын ала сөндірілмеген темекі) болды. Алматы облысының ТЖД азаматтарды тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935453-taldyqorganda-sondirilmegen-temekiden-syqqan-ortten-43-adam-evakuaciyalandy/