Үй кезегін тексерген петропавлдық азамат өзінің "қайтыс болғанын" білді
Жарияланған күні:
Петропавлда жетім жігітті пәтерге тұрған кезегінен "қайтыс болуына байланысты" шығарып тастаған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны Александр Рябуха төрт жылдан астам уақыттан бері жетім ретінде мемлекеттік қордан баспана алу кезегінде тұр. Ол тұрақты түрде кезектің қалай жылжып жатқанын бақылап отырады.
Алайда жақында өзінің тізімнен "кезекте тұрған адамның қазасына" байланысты алынып тасталғанын анықтаған.
Оның сөзінше, тізім жарты жыл сайын жаңарады. Мұның алдында кезекте өзіне дейін 1 451 адам бар екенін көрген. Енді тым болмаса 50 адамға жылжыған болар деген үмітпен тексерген.
"Өз кезегімді көру үшін кірдім де, таңғалдым. Мені тізімнен наурызда шығарып тастаған. Ол жерде "кезекте тұрған адамның қайтыс болуына байланысты" деп көрсетілген. Таңғалып, ашуландым. Екі күн бойы инстанцияларға жүгіріп, тірі екенімді дәлелдедім. Міне, прокуратураға арыз жаздым. Маған сотқа жүгінуге кеңес беретін шығар", – деді Рябуха.
Сонымен қатар қалалық әкімдік бұл жағдай техникалық ақауға байланысты орын алғанын, сондай-ақ немқұрайлық та болуы мүмкін екенін айтты.
"Республикамызда кезекте тұрғандардың барлығы бір дерекқорға біріктірілген. Әкімдік мәртебесін өзгерте алмайды, ТҮКШ бөлімі тек тексереді. Наурызда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің түгендеу кезінде ол "өлі" болып шықты. Деректер базасында оның мәртебесі қайтыс болған адам ретінде анықталғаннан кейін, ол автоматты түрде алынды", – деп түсіндірді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ибраев.
Оның айтуынша, жас жігіт 5 қазанда қала әкімінің атына кезекке қайта тұру туралы өтініш жасаған. Өтініш қаралды, кезегі қалпына келтірілді.
"Қазір Александр Рябуха кезекте 1 342 болып тұр. Біз не болғанын анықтауға тырысамыз. Осыдан кейін тиісті ұйымдастырушылық тұжырым жасалады", – деп атап өтті Ибраев.
Қазір Петропавлда тұрғын үй алу кезегінде 14,7 мыңнан астам адам тұр, оның ішінде 1,7 мыңы – жетім балалар. Биыл жетім балаларға 65 пәтер берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935763-ui-kezegin-teksergen-petropavldyq-azamat-ozinin-qaitys-bolganyn-bildi/