RU

Алматы облысының тұрғыны ауылдасының мәйітін велосипедпен ескі ғимаратқа апарып тастаған

Велосипед
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысында ер адам мас күйде адам өлтіріп, мәйітін велосипедпен ескі ғимараттардың біріне апарып тастаған деп жазады zakon.kz.

3 қазан күні таңертең зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылған. Қаратал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аталған фактіні Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне алған.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері марқұмның жеке басын анықтады. Ол Бастөбе ауылының 40 жастағы тұрғыны болып шыққан.

Одан бөлек, тәртіп сақшылары күдікті ретінде марқұмның 41 жастағы ауылдасын ұстаған. Ер адам кінәсін мойындаған. Ол кешкі уақытта танысын өз үйінде жанжал кезінде мас күйде болып, балтамен өлтіргенін айтқан.

Бастапқыда күдікті мәйітті жертөледе жасырған. Содан кейін түнгі үште велосипедпен денені ескі тастанды ғимаратқа апарып қойған.

Ер адам бұлтартпау шарасын таңдағанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Сотқа дейіні тергеу жүргізілуде. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", - деді полиция.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935891-almaty-oblysynyn-turgyny-auyldasynyn-maiitin-velosipedpen-eski-gimaratqa-aparyp-tastagan/