RU

Ақмола облысында ер адам велосипедпен үйден шығып, жоғалып кетті

Сағындық Қасанайұлы
Сағындық Қасанайұлы. Фото: Ақмола облысы ПД

Ақмола полицейлері Шортанды ауданының із-түзсіз жоғалған тұрғынын іздестіруде деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.

Ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланғандай, ағымдағы жылдың 7 қазанында Шортанды ауданының полиция бөліміне Шортанды кентінің тұрғыны 1974 жылы туған Сағындық Қасанайұлын іздеуге көмек көрсету туралы өтініш келіп түсті.

Жоғалған ер адамның жарының айтуынша, 6 қазанда шамамен сағат 14:00-де үйден "Урал" маркалы көк түсті велосипедпен шыққан және осы уақытқа дейін қайда екені белгісіз.

Белгілері: бойы 184 см, дене бітімі орташа, шашы ақ түскен қара, қысқа, көзі қоңыр, ерекше белгілері жоқ. Үстінде ТЖБ қызметкерінің бүркеніш киім нысаны, аяғында қара түсті аяқ киім. Өзімен бірге "Самсунг А40" маркалы ұялы телефоны болған.

Іздестіру іс-шараларына Шортанды АПБ қызметкерлері, ТЖБ қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылды.

"Жоғалған азамат туралы ақпарат білетіндер болса, 102 телефонына хабарласуын сұраймыз", – делінген Ақмола облысының полиция департаментінің хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936178-aqmola-oblysynda-er-adam-velosipedpen-uiden-sygyp-zogalyp-ketti/