RU

Алматы облысында жүк көлігі ер адамды қағып өлтірді

Жүк көлігінің жүргізушісі
Фото: polisia.kz

Алматы облысында жүк көлігінің жүргізушісі адам қағып кетті. Полиция автокөлік астында қалған азаматтың жеке басын анықтап жатыр деп хабарлайды Polisia.kz.

Апат кеше, 13 қазанда түстен кейін болған.

Жүк көлігін басқаратын Алматы қаласының 59 жастағы тұрғыны Алматы-Көкпек-Көктал тас жолының бойымен батыс бағытта келе жатқан.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, Гүлдала ауылына кіргенде жүргізуші алаңдап, көлікті басқара алмай қалған. Осылайша, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Полиция қазір оның жеке басын анықтап жатыр.

Қылмыстық кодекстің 3-бөлігі 345-бабы "Көлікті басқаратын адамның жолда жүру ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соғуы" бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937121-almaty-oblysynda-zuk-koligi-er-adamdy-qagyp-oltirdi/