"Аяғымды қозғалта алмадым": Елбасы күрделі отаны басынан өткергенін айтты
Жарияланған күні:
Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Хабар" телеарнасында көрсетілген "Штрихи к портрету. Откровение" атты деректі фильмде басынан өткерген күрделі ота жайлы айтты. Елбасының сөзінше, 2011 жылы ол омыртқасына ота жасатуға мәжбүр болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мен қазір осыған дейін еш жерде айтпаған жайтпен бөліспекпін. Мен омыртқама жасалған күрделі отаны басымнан өткердім. 8 наурыз күні (2011 жылы - ред.) концертте отырдық. Концерт аяқталды. Орнымнан тұрғаным сол еді, аяғымды қозғалта алмадым. Әлдене жібермей тұрғандай болды. Күзет офицерін шақырып, жанымда тұруын өтіндім. Сөйтіп таяққа сүйенгендей оның қолынан ұстап алып, ел байқап қоймас үшін залдан ақырын шығу керектігін айттым", - деп сол күнді еске алды тұңғыш президент.
Елбасы денсаулығын тексерткен соң, омыртқасында ақау бары анықталған. Салдарынан ота жасатуға тура келген.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайлы бұған дейін еш жерде айтпағанын атап өтті, себебі ауырып жүрген президент өз қызметін атқара алмайды деп санаған.
"Балалық шағымда қызыл отряд командирі туралы фильмдер көргенмін. Отряды шабуылға шығатын кезде командир жараланып қалады. Оған мүлдем шығуға болмайтын болса да, ол қолын таңып, тонын киіп алады да, "командир қандай жағдайда да алдыңғы шепте жүру керек" дейді. Президент те сондай. Президент науқас болса, ол мемлекетті басқара алмайды. Егер жағдайың осындай болса, оған елдің қатысы қанша? Ел қиналмауы керек. Ел аралап, кездесу өткізуді жалғастыру керек, 350 кездесу. Ал денсаулығың жарамаса қалай кездесу өткізесің? Бұл 2011 жыл болатын. Кейін тағы емделуге тура келді. Бұл өте күрделі ота болды. Дегенмен жақсы, білікті хирург кездесті.
Бұл жағдай да шешім қабылдауға (президент өкілеттігінен бас тарту - ред.) әсер етті. Мен бұл жайлы ешқашан айтқан емеспін. Мұны қалай айтамын және қалай жұмыс істеймін? Кету керек болды. Бірақ кетуге дайын болмадым, себебі ізбасар мәселесі шешілмеген еді және тағы басқа", - дейді Елбасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938334-ayagymdy-qozgalta-almadym-elbasy-kurdeli-otany-basynan-otkergenin-aitty/