RU

Алматы облысында кішкентай қыз жол апатынан ғажайыптың күшімен аман қалды

1
Видеодан кадр: instagram.com/oleg.tdk

Алматы облысы Үштөбе қаласында екі көлік соқтығысып, бірі жаяу жүргіншілер жолына шығып кетті. Салдарынан жолда кетіп бара жатқан сегіз жасар қыз зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Аталған жайтқа қатысты Алматы облыстық полиция департаменті пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жол апатының видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Кадрдан Lexus RX300 мен Subaru көлігінің соқтығысқанын аңғаруға болады.

Соққыдан кейін көліктің бірі жаяу жүргіншілер жолына шығып кетіп, жолда кетіп бара жатқан қызды соғып, жекеменшік үйдің қақпасына кіріп кеткен.

Алматы облыстық полиция департаментінің дерегінше, жол апаты Үштөбеде болған. Ал жарақат алған сегіз жасар қыз орталық аудандық ауруханаға жеткізілген.

"Жол апаты 23 қазан күні болды. Lexus RX300 көлігін басқарған 23 жастағы жүргізуші Қабанбай батыр көшесінің бойында Subaru көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Subaru жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен. Жол апатынан сегіз жасар қыз зардап шекті", - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дәрігерлер қыз балаға бастың жабық жарақаты мен миы шайқалған деген диагноз қойған.

"2013 жылы туған қыз оқиға орнынан жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Кейінірек зардап шеккен қыздың әкесі оны ауруханадан алып кетті. Ата-анасына тиісті нұсқаулық берілді", - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Аталмы факті бойынша іс ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы (адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу) бойынша қаралады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939058-almaty-oblysynda-kiskentai-qyz-zol-apatynan-gazaiyptyn-kusimen-aman-qaldy/