RU

2022 жылы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі тоқтатыла ма

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

"Отбасы Банкі" басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова "зейнетақы жинақтарын 2022 жылы да мерзімінен бұрын пайдалануға бола ма" деген көптің көкейіндегі сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"2022 жылы ешқандай өзгеріс болмайды. Бұл тетікті әзірлеу үшін "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға өзгерістер енгізілген болатын. Егер қандай да бір өзгерістер жоспарланған болса, онда сіз бұл туралы кем дегенде 6-7 ай бұрын білесіз. Сондықтан 2022 жылы да зейнетақы жүйесіндегі ақшаны пайдалануға болады", - дейді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, әзірге бағдарламаның аяқталу мерзімі белгіленбеген. Бүгінде жұмыс тобы құрылған. Онда зейнетақымен қамсыздандыру және қаражатты алу бойынша лимиттер мәселелері талқыланады.

Айта кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту, емдеу және қаржы ұйымдарына басқаруға беру үшін пайдалана бастады.

20 қазандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 1,97 трлн теңге болатын 523 943 өтініш қаралып, жүзеге асырылды.

Белгілі болғандай, қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға 1,92 трлн теңге, емделуге ақы төлеу үшін 49,1 млрд теңге зейнетақы жинағын жаратқан.

Сонымен қатар, инвестициялық портфельді басқарушыға жалпы сомасы 5,44 млрд теңгені құрайтын жинақтарды беру туралы қазақстандықтардың 2 912 өтініші орындалды.

1 мамырдан бастап зейнетақы жинақтарын алушылардың тізімі кеңейді. Қазақстандықтарға ерікті зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939468-2022-zyly-zeinetaqy-zinagyn-merziminen-buryn-alu-mumkindigi-toqtatyla-ma/