RU

Сүндеттеу жайлы не білу керек, баланы қай кезде сүндеттеуге болмайды

Уролог
Фото: BAQ.KZ

Уролог-андролог Ернұр Айнаев баланы сүндеттеуге қатысты көпті толғандырған сауалдарға жауап берді деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның сөзінше, баланы сүндеттейтін белгілі бір жас жоқ.

"Негізі туғаннан кейін 7-күннен бастап кез келген жаста сүндеттей береді. Тіпті 30-40 жаста келіп жататын ер азаматтарымыз бар. Көбі тақ сан 3, 5, 7 жас деп айтып жатады ғой, негізі ондай қағида жоқ. Жалпы кез келген жаста, айда, күнде сүндеттей берсе болады. Зерттеулер бойынша неге 7-ші күн? Сүндетке отырғызу - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Бұл жөнінде хадисте: "Алла елшісі Хасан мен Хусейн туғаннан кейін жетінші күні оларды сүндетке отырғызды" деген.

Адамда қанды қоюландырып, қанды тоқтататын факторлар бар. Олар 4-5-күні дамып, 7-күні барлығы орнына келіп, қанды тоқтататын дәрежеге жетеді екен. Бала туғаннан кейін жетінші күні не жеті күн өткеннен кейін сүндеттей берсе болады", - деді Ернұр Айнабаев.

Осы орайда уролог баланы сүндеттеген соң қалай күтім жасау керектігін айтып берді.

"Көп ата-ана сүндеттелгеннен кейінгі жазылу ол кескенге байланысты деп ойлайды. Лазермен кесті ме, пышақпен кесті ме, оған байланысты емес. Ол көбіне мүшенің басының ашық не жабық болуына байланысты.

Егер мүшенің басы ашық болса, ол немен кессе де тез 5-7 күнде жазылып кетеді. Егер мүшенің басы жабық болған болса, фимоз, алдында қабыну болса, ондай жағдайда міндетті түрде жазылу процесі ұзаққа созылады. Ол туралы бірден ата-анаға ескертеміз. Мұндай кезде жазылмай 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін. Себебі ол жерде қабыну болды, қабыну болған жерде ұзақ жазылады.

Егер баланың мүшесі жабық болса, бірден екі апта жазылу процесі жүретініне ата-ана дайын болуы керек. Қандай әдіспен сүндеттелсе де ол екі апта уақытқа дейін барады. Мүшенің бірінші шырышты қабаты түгел терісімен бірге алынып кетеді. Оны біртіндеп ашып, дайындап қою керек.

Мынадай жағдайлар да болып жатады: мүше терінің ішінде тығылып тұрады. Ондай кезде сүндеттеуге болмайды. Кей дәрігерлер оны ескермей, сүндеттей береді. Ондай жағдайлар болған. Маған сондай жағдайдан кейін "көріп беріңізші" деп баласын алып келетіндер бар. Ота жасау керектігін айтамын. Бұл жағдайда ота жасап жатқанда тері жетпей жатады. Оған қосымша тері қосу керек болады. Сол үшін мүше терінің ішінде тығылып тұрса, сүндетке отырғызуға болмайды. Бірден ота жасау керек.

Сонда балада комплекс пайда болмайды. Егер баланы сүндеттеп тастаса, мүше өте кішкентай болып, терінің ішінде тығылып тұрады. Кіші дәретке барған кезде қасындағы достары күлуі мүмкін. Балада комплекс пайда болады. Маған осы жағдай бойынша "балам далаға шықпаймын деп жатыр, мектепке бармаймын деп жатыр. Не істесек болады?" деген ата-аналар өте көп хабарласады. Ондай кезде ота жасаймыз. Бірақ балада өкінішке қарай комплекс қалыптасып қалған. Осындай жағдайға тап болмас үшін ертерек қамдану керек", - дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939912-sundetteu-zaily-ne-bilu-kerek-balany-qai-kezde-sundetteuge-bolmaidy/