"Телефонмен басынан ұрған": Шымкент тұрғыны 16 жастағы қызының мектеп инспекторынан таяқ жегенін айтты
Жарияланған күні:
Шымкенттік әйел 16 жастағы қызының мектеп инспекторынан таяқ жегенін, салдарынан миы шайқалғанын айтады. Жалғызбасты ана әділдік іздеп, "Айтарым бар" бағдарламасына келген деп, жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шымкент тұрғыны Бақытгүл Қожахметованың сөзінше, 6 қазан күні мектеп инспекторы оқушыларға рейд жүргізу барысында қызының сөмкесінен темекі тауып алғанын сылтау етіп, оқушыға қол көтерген.
Анасының айтуынша, жәбір көрген қыз ауруханаға жатып шыққанымен, бір айдан бері құсуы тоқтамай тұр.
"Инспектор менің кәмелет жасқа толмаған қызымды камерасы жоқ кабинетке кіргізіп алып, сұрақ-жауапқа алып, намысына тиетін сөздер айтқан. Сөз қайтарғаны үшін телефонмен басынан ұрған", - дейді әйел адам.
Бағдарлама кезінде Бақытгүл Қожахметованың Шымкентте "Ана жолы" қорының еріктісі ретінде әлеуметтік дүкеннің жұмысын жүргізетіні белгілі болды.
Ол қызының сөмкесінде темекі тұқылының қайдан жүргенін түсіндіріп берді. Бақытгүл Қожахметованың айтуынша, сол күні қызы әлеуметтік дүкенге көмек ретінде өткізілген заттардың ішінен шыққан сөмкені мектепке ұстап кеткен. Темекі сөмкенін түбінде бұрыннан жатуы мүмкін. Анасы қызының жаман әдеттерден аулақ екеніне сенімді.
АЛ жәбір көрген қыздың сөзінше, мектеп инспекторы оған анасы туралы ауыр сөздер айтып, өзіне сөз қайтаруға мәжбүрлеген.
"Кабинетке кірдім. Амандастым, темекінің менікі емес екенін айттым. Сөйтіп ол кісі телефонымды тексерді. Паролін ашқызды. Ішінен мамам екеуміздің жазысқанымызды оқыды. Ол маған "сенің анаң темекі шегетін, жүргіш екен, саған қарай алмайды", - деді. Мен оған біліп сөйлеңіз деп сөз қайтардым. Директордың орынбасары жұмыс үстелінде бірдеңе жазып отырды. Ештеңе деген жоқ. Қарап тұра берді", - дейді ол.
Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін телеарна тілшісі Шымкенттегі мектепке барған. Алайда басшылық қандай да бір жауап беруден бас тартқан.
Бақытгүл Қожахметованың сөзінше, қызының бір айдан бері денсаулығы мүшкіл.
"Басы қоймайды. Ауруды басатын дәріге де көнбейді. Әлі күнге құса береді. Өздері ұрғанын мойындамайды. Ешкім кешірім сұрап үйге келген жоқ. Өзім барып жүрдім мектепке. Мектеп тарапынан тек директор ғана кешірім сұрады. Дәрігер жабық бас сүйек ми жарақаты деген диагноз қойды", - дейді жалғызбасты ана.
Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары, заңгер Дулат Жекебаев оқушының анасына полицияға арыз жазу керектігін айтты.
"Сіздің қызыңызбен болған жағдай жай заңбұзушылық емес, қылмыстық заңбұзушылық. Балаға қол көтеруге ешкімнің де қақысы жоқ. Қол көтерілді ме, оған жауап беру керек. Екіншіден, міндетті түрде сіз арыз жазуыңыз керек. Арыз бойынша, ішкі істер органдары тергеу жұмыстарын жүргізеді", - дейді заңгер.
Бағдарлама жүргізушісі кейіпкердің полицияға шағымданғанын еске салды. Белгілі болғандай, мектеп инспекторы да жалғызбасты ананың үстінен өзіне жала жапты деп сотқа арыз түсіріп үлгерген.
"Бұл кісінің берген арызын жергілікті департамент қарап жатыр, ал инспектор арызды сотқа жазған. Ертең сот процесі кезінде бұл кісілер департаментте арыз түсіргенін, ол бойынша ішкі тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын айтуы керек. Сот бірінші ішкі тергеудің нәтижесіне қарайды. Көре тұра үндемеген кісіні де куәгер ретінде немесе басқаша іске тартады да, содан кейін шешім шығарады", - дейді Дулат Жекебаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940292-telefonmen-basynan-urgan-symkent-turgyny-16-zastagy-qyzynyn-mektep-inspektorynan-tayaq-zegenin-aitty-video/