Балғынбектен 500 баспана: Айтыскер өзі уәде еткен үйлердің қашан және кімдерге берілетінін айтты (видео)
Жарияланған күні:
Танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашев тамыз айында өзі уәде еткен "Балғынбектен баспананың" қашан және кімдерге берілетінін мәлім етті деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Балғынбек Имашев "Бір дубль" бағдарламасында қонақта болып, жазда елді елең еткізген мәлімдемесіне қатысты сұраққа жауап берді. Ол 500 баспана берем деген уәдесін қашан орындайтынын жеткізді.
"Баспана туралы менен көп адам сұрап жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Меккенің төрінде қазақтың жақсы, елжанды, иманды, мемлекетшіл азаматтары отырып, маған ұсыныс айтып еді. Олар мені халық таниды, ел біледі деп, қайырымдылық қор ашуды ұсынды. "Соны басқарсаң, саған ел сенеді, жетім балаларға, жесірлерге көмек жасасақ" деп, көп жобалар айтты. Осыны бастап кетуге қорықтым. Себебі, ол - үлкен аманат. Үлкен кәсіптің иесі емеспіз. Қысылып қаламыз. Кейде нанға ақша жоқ, кейде жолға ақша жоқ боп қалатын. Қайырымдылық қорына түсіп жатқан ақшаны мен рұқсатсыз пайдаланып қойып, бірдеңеге жұмсап қойып, Алла тағаланың алдында жауапты болып қалам-ау деп қорықтым. Кейін түсіндік, ақырын-ақырын кәсіп істедік. Басқа табыс көздері пайда болғаннан кейін ешкімнің ақысына тимейтінімізге көз жеткіздік. Керісінше, садақа беріп, басқаларға көмектесе бастаған кезде бұны істеуге болады деп ойладым. Және ең басты мәселе қазақтың өз жерінде жүріп, кісінің босағасында жалдап тұрғаны жүректі ауыртты. Мен өзім бір жыл жалдап тұрғанмын. Жатақханада да тұрғанмын. Кейін бала-шағамның ризығы болар, үйлі-күйлі болдық. Өзімнің көргенім - бес-алты баласымен өмір-бақи жатақханада тұрып, қызын ұзатып, құда күтіп, келін түсірген адамдарды көрдім. Сондай қазақтарға кішкене болса да, көмек көрсетсек, шіркін-ай деп ойладық", - дейді айтыскер бұл идеяның неден шыққанын түсіндіре отырып.
Ақынның сөзінше, өзі құрған жеке қор елге баспананы сатып алуға мүмкіндік беретін қаржылай көмек бермекші.
"Алғашқы 30 пайызын (үйдің алғашқы жарнасы - ред. еск.) біз төлеп берсек, қалған 70 пайызын өздері ақырын жауып отырса дейміз, өйткені адамдарды масылдыққа үйретуге болмайды. Тегін берудің қасиеті де, қадірі де болмайды. Балық берме, қармақ бер деген сөз бар. 70 пайызын өзі төлеп алса еркін демалады ғой. Сол мақсатта 5-7 миллионның көлемінде тәуелсіздіктің 30 жылдығына береміз деп жоспарлап отырмыз. "Балғынбектен баспана" деген қор құрдым. Бес миллион теңгеге үлкен үй ала алмасаң да, ауылдық жерлерден үй алуға болады. Кейін астана, Алматыда үйлер қымбат дегенді естіп, берілетін соманы 5 миллионнан 7 миллионға көтердік. Ол шынайы мұқтаж жандарға арналған. Маған "5-7 миллион теңгеге үй келмейді", деп жазып жатыр. Демек олар қатты мұқтаж емес. Кісінің босағасында жүріп, әбден кіріптар болып, құрқылтайдың ұясындай болса да баспанасы болса деп жүрген жандарға тәуелсіздіктің 30 жылдығына 300 баспана береміз деп отырмыз, құдай қаласа. 500 деп айтып қойғам, наурызға дейін тағы 200-ін береміз", - деді Балғынбек Имашев бағдарлама барысында.
Айта кетейік, Балғынбек Имашев жаз соңында қайырымдылық қор құрғаны жөнінде хабарлады. Ол вакцина салдырмағандар арасында ұтыс жариялайтынын, оның шарттарын кейін айтатынын мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940347-balgynbekten-500-baspana-aitysker-aqyn-ozi-uade-etken-uilerdin-qasan-zane-kimderge-beriletinin-aitty-video/