RU

"Tik-Tok кейіпкерлері елестеді": Алматы облысында әйел баласын 16 рет пышақтаған

Пышақ
Көрнекі фото: 1obl.ru

Алматы облысы Өтеген батыр ауылында әйел 10 жастағы баласын өлтірмек болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиғаның мән-жайы әлеуметтік желідегі парақшада жарияланды.

"Көптеген пышақ жарақаты бар он жасар бала 3 қараша күні түстен кейін ауруханаға түсті. Фельдшер оған анасы жарақат салғанын анықтады. Жедел жәрдемді үйдегі жағдайды көрген баланың атасы шақырған. Дәрігерлер баланың денесіне 16 пышақ жарақаты салынғанын анықтады. Әйел баланың арқасын, мойнын, қолын кескен. Тамағын тіліп те үлгерген", - делінген angry_taldyk парақшасындағы хабарламада.

Бала шұғыл түрде операциялық блокқа жеткізілді. Оған хирургтар мен анестезиолог-реаниматологтар операция жасады. Сондай-ақ бала травматикалық және геморрагиялық шок алған.

Операция сәтті аяқталған, баланың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр, дейді жазба авторы.

"Баланың анасы кейінгі үш күнде өзін біртүрлі ұстағаны белгілі болды: ол үйдегі барлық адамнан жасырынған. Әйел өзін Tik-Tok кейіпкерлері өлтіргісі келетінін айтқан. Ал ұлы оған ойынға қатысушылардың бірі болып көрінген", - делінген хабарламада.

Алматы облысы полициясы күдіктінің ұсталғанын және полиция бөлімінде екенін мәлімдеді.

"Әйелге қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалды, бұлтартпау шарасын таңдау және оны психологиялық диспансерге орналастыру туралы мәселе шешіліп жатыр. Заттай дәлел мен қылмыс құралы – пышақ тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қосылды", - деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу барысында істің барлық мән-жайы анықталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940531-tik-tok-keiipkerleri-elestedi-almaty-oblysynda-aiel-balasyn-16-ret-pysaqtagan/