Талдықорғанда ұрылар үйден құны 125 млн теңге болатын әлемдік брендтердің бұйымдарын ұрлап кеткен
Жарияланған күні:
Талдықорғанға танысымен барған алматылық жігіт үйлердің біріне ұрлыққа түскен. Осылайша, ер адам құны 125 млн теңге болатын әлемдік брендтердің зергерлік бұйымдарын қолды еткен. Бірер күннен кейін Павлодарға барған күдікті тағы да ұрлық жасаған. Алайда бұл жолы ол полицейлерден айласын асыра алмаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Павлодар қаласы №2 сотының үкіміне сілтеме жасап.
Іс материалдарында екі бірдей ұрлық дерегі көрсетілген. Алдымен алматылық ер адам Талдықорғанға танысымен барған. Оған мұнда туыстары тұратынын айтыпты.
Ұрлыққа түсетін үйді таңдағаннан кейін ол ішке кіріп, зергелік бұйымдарды қолды еткен. Қылмыстық істе ұрланған бұйымдардың тізімі жазылған. Олардың арасында Van Cleef & Arpels, Chanel, Louis Vuitton, Tiffany, Rolex, Bulgari, Cartier сынды фирмалардың сақина, сырға, сағаттары бар. Одан бөлек, ер адам өзімен бірге 500 мың теңге мен бейнебақылау камерасының ресиверін ала кеткен.
Осы оқиғадан екі күн өткен соң Алматы тұрғыны семейлік екі танысымен бірге Павлодарға жолға шыққан. Мұнда оларды тағы бір сыбайластары күтіп алған. Ұрылар кезекті үйді тонамақ болған.
Сөйтіп қымбат жол талғамайтын көлікті таңдап, жүргізушінің соңынан еріп, оның қайда тұратынын анықтаған. Зардап шегуші кетіп қалған кезде пәтерге кірген.
Олар алтын білезік пен сақинаны, "Ерен еңбегі үшін" төсбелгілерін қолды қылған.
Дегенмен полиция қызметкерлері төртеуін де қолға түсірген. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, бүгінде сот үкімі шыққан.
Айыпталушылар 3,5 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Сот үкімінде әшекей бұйымдар иелеріне қайтарылған-қайтарылмағаны көрсетілмеген. Тек айыпталушылар қымбат заттарды өз қалауына жұмсағаны айтылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940586-taldyqorganda-urylar-uiden-125-mln-tenge-turatyn-alemdik-brendtin-buiymdaryn-urlap-ketti/