Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтың жігіттері де осындай жасай алады": Жүк көлігінен джип құрастырған ақтаулық туралы не білеміз (фото)

Жарияланған күні:

Ақтау
Фото: Express Qazaqstan

Ақтау қаласының тұрғыны Жалғас Келдібаев жүк көлігінен джип құрастырып шығарды. Ер адам осылайша бала күнгі арманын жүзеге асырған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Жалғас - Шымкент қаласының тумасы. Тоқсаныншы жылдары Ақтауға қоныс аударған.

"Бала күнімнен көлікпен қатты "ауырамын". Есейген шақта көлік құрастыратын зауыт ашамын деп армандайтынмын. Тоқсаныншы жылдары тоқырау келді де, ол арман жайына қалды. Кейін тым құрығанда бір көлік құрастырып көрейін деген ойға бекіндім. Қазақтың жігіттері осындай дүние жасай алатынын өзгелерге көрсетейін деген мақсаттан туды. Өйткені, мұндай көліктерді көбіне өзге елдің жігіттері жасап жүр. Жасымнан сурет өнеріне әуес болдым. Көліктердің суреттерін салған қатты ұнайтын", - дейді ол.

Жаңалық
Фото: Express Qazaqstan

Жалғастың құрастырып шыққан көлігі "Айғыр" деп аталады. Салмағы 2 тоннадан асады.

"Алда басқа да көліктер құрастыру ойымда бар. Бірақ әзірге оның орайы келмей жатыр", - дейді ол.

Ретро көлікті қайта жаңғыртуды көздеген Жалғас Газ-63 көлігін ұзақ уақыт іздегенін айтады.

"Бұл көлікті іздеп жүріп, Қостанай облысының ауылды жерінен таптық. Ал джипті Алматыда біреудің ауласынан көріп, сатып алдық. Кейін екеуін біріктіріп, жылдам жүретін ретро көлік пайда болды", - дейді ақтаулық кәсіпкер.

Жаңалық
Фото: Express Qazaqstan

Бастаманы қолға алып, көлікті қайта жаңғыртуға бір жылға жуық уақыт өткен. Жалғастың сөзінше, жобаны іске асыру барысында шеберлердің жауапсыздығынан жұмыс ұзаққа созылып кеткен.

"Бірінші шебер Ресейдің Астрахан облысынан келген қазақ жігіті еді. Кейін ол кеткен соң Ақтаудың жігіті жалғастырды. Арасында алаяқтарға жем болып, істі басқа біреуге тапсыруға тура келді. Үш айда аяқталуы тиіс жұмыс бір жылға созылды. Ақшасын алып қашып кеткендер де болды. Қазір көлікті інілерімнің бірі жүргізіп жүр. Бірақ әлі де толықтыратын ұсақ жұмыстар бар", - дейді Жалғас Келдібаев.

Ақтаулық кәсіпкер көлікті құрастырып шыққаннан кейін құжатын заңдастырған.

Сұхбат барысында ол көлікті жасау барысында жақындары қарсы болғанын да жасырмады.

"Есің дұрыс па?" дегендер болды. Тіпті әкемнің өзі "мына көлікті құртып қайтесің. Тап-тамаша көлік қой" деп тоқтатпақ болды. Себебі, ешкім осындай көлік шығады деп күтпеді", - дейді Жалғас.

Оның айтуынша, көлікті құрастыруға жеті миллион теңге жұмсалған. Қазір ретро үлгідегі жол талғамайтын көлікті сат деп жүргендер көп екен. Бірақ кәсіпкер "Айғырын" сатқысы жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940616-bala-kunimnen-kolikpen-qatty-auyramyn-zuk-koliginen-dzip-qurastyrgan-aqtaulyq-turaly-ne-bilemiz-foto/