"Он жыл күткен ұлымызды емдеу керек": Қарағандылық көпбалалы ана жалғыз ұлы үшін жалынып көмек сұрады
Жарияланған күні:
Қарағандылық он жасар Ислам - ата-анасының көптен күткен үміті. Өйткені, төрт қыздың арасындағы ер баланы қарапайым қазақ жанұясы ұзақ күткен еді. Алайда, бүгінде он жасқа қадам басқан Исламның ауыр дертке ұшырағаны ата-анасын алаңдатып отыр. Жалғыз ұлын ойлаған жандарға ас та батпайды, дүние де қызық болмай қалған. KAZ.NUR.KZ Исламның анасы Гаухар Жакуповамен сұхбаттасып, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрады.
Бала күнінен үлкен отбасы болуды армандаған Гаухар кезекті баласына аяғы ауыр екендігін білгенде қатты қуанады. Анасының айтуынша, жүктілік кезең бірқалыпты, жақсы өткен. Іштегі бала мен өзіне қатысты шағымдары болмаған. Бірнеше рет жасалатын УЗИ бақылауы сәбидің дұрыс дамып келе жатқанын айтып, тек баланың ірі екендігін ғана көрсетіпті.
"Исламның туған күні Рамазан айының Қадір түніне сәйкес келді. 4 келі 564 грамм салмақпен туды. Қуанышымда шек болған жоқ. Бірақ өмірге келген бойда балам шырылдап жылаған жоқ. Бұл менің көңіліме кірбің болды. Өйткені, жаңа туған нәресте ауыр тыныстап, жүйке жүйесіне аса зиян болып саналатын асфикцияға ұшырайды. Тек жарты сағаттан соң ғана барып жылай бастады. Міне, ауыр асфикция салдарынан Исламның орталық жүйке жүйесі ауыр зақымданған. Бірақ алғашқыда бұл біз үшін аса қауіпті болып көрінбеді. Қырқынан шыққанша тамақтануы да, ұйқысы да тыныш болды. Алайда, барлық дерт екпе салдырғаннан кейін бой көтерді", - дейді Гаухар.
Жаңа туған нәрестенің ауыр асфикцияға ұшырағаны бірден байқалмаған. Оның бәрі бірінші кезекті екпелерден кейін шыға бастайды. 2,3,4 айында алған әр екпеден соң баланың мазасыздығы ұлғая берген.
"Ұйқысы бұзылып, қолды-аяққа тұрмайтын жағдайға келеді. Уақыт өте келе оның өз қатарластары секілді сөйлеуге ұмтылмайтынын, тіпті, былдырламайтынын байқадым. Ойыншыққа да, үйге кіріп-шыққан адамға да назар салмайды. Ештеңеге мән бермей, өз әлемінде жүреді. Бірден невропатолог мамандарға апардым. Дәрігерлер көптеген миды оятатын қымбат ноотороптар мен ЭПИ толқындарды бір қалыпта ұстап тұратын ПЭП дәрілерін тағайындайды. Алайда, соңғы дәрі-дәрмектің орынсыз беріліп келгені 2 жылдан соң барып қана белгілі болады. Яғни, Исламға талмаға берілетін дәрілер мүлдем керек болмаған. Бірақ мен дәрігер жазып бергесін, соңғы екі жылда құр-босқа ішкізіп келіппін. Бұл оның жүйке жүйесінің дамуын одан сайын тежеді", - дейді Исламның анасы.
Бүгінде Ислам аутизм диагнозымен мүгедектікке шыққан. Он жыл бойы баланы үзбей емдетіп келе жатқан жанұя үшін ақшаның жоқтығы қиындық туғызуда. Жолдасы бес баланы асырау үшін екі жерде жұмыс жасайды. Ең кішкентай қыздары небары 4 жаста. Ал бала күтімімен отырған Гаухардың жұмыс істейтін мүмкіндігі жоқ.
Көпбалалы отбасы жалғыз ұлын емдеу үшін талай дәрігерге барды. Енді олар Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан ем алмақшы. Мұнда Исламның сәл де болса қалыпқа келуіне көмектеседі. Осы орайда, Гаухар ұлының емі үшін қайырымды жандардан көмек сұрап, қол ұшын созуды өтінеді.
Исламға көмектесем деушілер үшін реквизиттер:
Kaspi Gold 4400 4301 0035 3553
ИИН 790210400398
Телефон +77710442903
Жакупова Гаухар
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940704-on-zyl-kutken-ulymyzdy-emdeu-kerek-qaragandylyq-kopbalaly-ana-zalgyz-uly-usin-zalynyp-komek-surady/