Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кезекте тұрғың келмесе, 10 мың теңге төле": Көмірдің артынан апталап жүгірген талдықорғандықтар дабыл қақты

Жарияланған күні:

карьер
Көрнекі фото: pixabay.com

Талдықорған тұрғындары көмірге апталап кезекке тұрғандарын айтып, дабыл қақты. Олар қалада көмір жетіспеушілігін пайдаланып, көмірді кезексіз тиеп беріп жатқандардың 10 мың теңге сұрайтынын да ашып айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Талдықорғандықтар күн суытқалы бері қалада көмір тиеп берушілердің қулыққа салып, одан ақша жасап жүргенін жеткізді.

"Бір апта болды көмірдің артынан жүргеніме, қанша сағат далада күтіп жүрдім. 10 мың теңге берсең, кезексіз тиеп береді. Біз сияқты ақшасы жоқтар күтіп-күтіп кетеді. Қадағалайтын адам жоқ", - деп жазады Facebook-тегі taldykorganec_insta парақшасының оқырманы.

Көмірге қол жеткізе алмай жүргендер қалаға келген көмірді кезексіз алудың жолы біреу ғана дейді.

"Осыдан бір ай бұрын 1000 теңге болатын, қазір 10 мың теңге деген сұмдық қой. Берсең кезек күтпейсің, машинаң сыртта тұрса да трактормен әкеп береді", - дейді көмірдің артынан сабылған тұрғын.

Тұрғындардың мәселесіне қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісі Талдықорған әкімдігінен жауап алды. Қала әкімдігінің өкілі Талдықорғанда көмір тапшылығының бар екенін мойындап отыр.

"Халық толықтай көмір сатып алып үлгерген жоқ. Негізі, жазда көмір көп болған. Бірақ көбісі алмады. Біз оны талай хабарлағанбыз. Жыл сайын бізде қазан-қараша айларында жұрт осылай дүрлігеді. Талдықорғанға тәулігіне 6 вагон көмір келеді. Бір вагонда 70 тонна болса, 420 тонна әрине жетпейді. Талдықорғаннан басқа аудандар да бар. Сол жақтан да көліктер келіп, әкетіп жатады", - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.

Әкімдік аталған мәселені шешумен айналысып жатқанын жеткізді.

"Әкімдіктің де қолында көп нәрсе тұрған жоқ. ҚТЖ жағынан да белгілі бір проблемалар бар. Вагондар жетіспей жатыр. Көмір разрездерінің де экспорт бойынша өз міндеттемелері бар. Себептер көп. Бірақ қазір қалаға көмір келіп жатыр. 1-3 қазанда Талдықорғанға 34 вагон әкелінді, тағы 15 вагон келе жатыр. Біздің есептеуімізше, қарашаның соңында қаланы көмірмен 100 пайыз қамтимыз деп болжап отырмыз", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940723-kezekte-turgyn-kelmese-10-myn-tenge-tole-komirdin-artynan-aptalap-zugirgen-taldyqorgandyqtar-dabyl-qaqty/