Атырау-Құлсары тас жолындағы қоқысқа толы әжетхана туралы жергілікті тұрғынның жанайқайы жауапты тұлғаларға жетті
Жарияланған күні:
Жергілікті белсенді азаматтың Атырау-Құлсары тас жолы бойындағы қоқысқа толы әжетхана туралы жанайқайы жауапты тұлғаларға жетті. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының облыстық филиалы Қарабатан кеніші маңындағы жол полициясы бекетінің маңайын тазалап қойды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Еске салсақ, Әли Сәменов есімді тұрғын Атырау-Құлсары тас жолы бойындағы Қарабатан кенішінің маңындағы полиция бекетінің әжетханасы қоқыс үйіндісіне айналғаны туралы мәселе көтерген еді.
Облыс тұрғыны үлкен тас жол бойының соншалықты ластануын қоқыс тастайтын жәшіктердің қойылмауынан көрген. Ол дәретхана іші-сыртының пластик бөтелкелер мен басқа да қалдықтарға толып кеткенін видеоға түсіріп алған.
"Мынаны қараңыздаршы. Алты құрлықтың адамдары өтетін жол. Мынау үшін ұялмайсыңдар ма? Жердің иесі, киесі деген бар ма? Ерлердің әжетханасының іші мынау. Менің кінәм жоқ деп отыра бересіңдер ме? Жылайтын нәрсе ғой. Ұят болды ғой ел-жұрттан", - деп ашуланған болатын Әли Сәменов.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Атыраудағы өкілі KAZ.NUR.KZ тілшісіне жол полициясы бекетіның ғимараты мен әжетхананың іші-сыртын тазаланғанын хабарлап, фотоесебін жіберді.
Ұлттық компания бұған дейін неліктен аталған аумақтың тазалығын сақтау мүмкін болмағанын түсіндірген.
"Бұл жол полициясының бекеті Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен жасалды. Қарабатандағы постты облыстық ПД қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының теңгеріміне тапсырған. Ал оларға хабарлассақ, тендер жариялап қойғанын, әлі ешкім жалға алуға өтініш бермегенін айтты.
Біздің жолымызда тұрғанымен, біз оған ешқандай жауап бере алмай отырмыз. Тазалауға да тапсырма бере алмадық. Қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы өздері қолданбайтын болса, бізге тапсыруы керек еді. Сондықтан осы жұмыстар жасалмаған", - дейді ұлттық компания өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940743-atyrau-qulsary-tas-zolyndagy-qoqysqa-toly-azetxana-turaly-zergilikti-turgynnyn-zanaiqaiy-zauapty-tulgalarga-zetti/